top of page
Бокейхан.jpg

Ғылымға бетбұрыс

Әлихан Бөкейханның Қарқаралыда оқыған жылдары жөнінде мынадай мәліметтер бар:

       «... Қарқаралыда ол бас-аяғы 9 жылдан астам болады, оның жеті жылын бастауыш мектеп пен қалалық кәсіптік училищеде оқуға арнаған, кейінгісінде ол «етік тігу ісінің шебері» деген өнер кәсібін үйреніп шықты. Бұл жөнінде Омбы облыстық әкімдігінің мемлекеттік архивінен табылған қызықты құжат арқылы ой өрбітуге болады, бір қызығы онда Әлиханның фамилиясы әкесінің атымен, яғни «Нұрмұхамедов» деп берілген. Бұл құжат Қарқаралы уезінің бастығы аттестатпен қоса берген училнщені бітіргендігі туралы куәлік болатын. Осы құжаттан шағын үзінді мынадай: Қарқаралы уезі Тоқырауын болысы сұлтанының ұлы Әлихан Нұрмұхамсдов ... Қарқаралы қырғыз ерлер мектебінде 1879 жылғы 16 қыркүйектен 1866 жылғы 16 маусымға дейін тәрбиеленді ... Қарқаралының үш класты училищесінің оқушыларының 1886 жылғы маусым айында өткізілген соңғы сынағы бойынша қалалық училище курсы пәндерінен үлгерімі туралы аттестат алды... Қырғыз мектебінде болған кезінде, ол, Нұрмұхамедов, етікшілік шеберлігіне табысты оқытылды және бұл кәсіппен өз бетінше шұғылдана алады» [3,23 б.].

     Әлихан Бөкейхан Қарқаралыдағы училищені бітірген соң, генерал-губернатор Г.А. Колпаковскийдің үсынысымен 1886 жылы Ресейдің Омбы қаласындагы техникалық училищеге жіберіледі. Ол 1886-1890 жылдардың аралығында Омбыдағы техникалық училищеде оқып, оны «техник» мамандығы бойынша бітіріп шықты. Омбыда оқыған жылдарында Әлихан Бөкейхан бос уақытында рояль, скрипка, гитара тэрізді музыкалық аспаптарда ойнап, би және түрлі әдеби-шығармашылық кештерге қатысып отырған.

     Әлихан Бөкейхан 1890-1894 жылдардың аралығында Санкт-Петербургтеғі Орман технологиялық институтының экономика факультетінде оқыды. Мұнда ол студенттік қызу пікірталастарға қатысып, XX ғ. босағасын аттағалы тұрған Ресейдің қандай жолмен дамуы тиімді болатындығы туралы қайшылықты пікірлер қақтығысына куә болды, өз ойын да шыңдай түсті.

       Әлихан Бөкейхан туралы «Семипалатинский листок» газетінің 1906 жылғы 5 маусымдағы санында: «Ол Орман институтының студенті болып жүрген кезінде барлық студенттік қозғалыстарға белсенді түрде араласып, әсіресе, солшылдарға ілесетін. Марксизм туралы қызу пікірталастарда экономикалық материализм қағидаларын дес бермей қорғайтын» делінген [4, 122 б.].

Әлихан Ресей жандармерия басқармасының назарына алғаш рет студенттік жылдардан-ақ ілігіп, «саяси сенімсіздердің қара тізіміне алынды». Ол институтты бітіргеннен кейін Омбы қаласына барады. Осында ол орман шаруашылық училищесіне математика пәнінен оқытушы болып орналасты. Социалисттік бағыттағы «Степной край» газетінің қызметіне белсенді түрде араласып, оның редакция алқасы құрамына енді [1,10 6.].

        1896-1903 жылдардың аралығында Ф.А. Щербина экспедициясы жұмысына қатысты. Ол экспедиция жұмысына қатысуы арқылы сол тарихи кезеңде қазақ халқы үшін ең өткір мәселеге айналған - жер қатынастарын тереңінен түсінеді.

Р.М. Жұмашев пен М.С. Амринаның бірлесіп жазған еңбектерінде Әлихан Бөкейханның экспедиңия жұмысына қатысу барысында қазақ даласына байланысты Ресей империясының көздеген мақсатын бұрын өзі байқай бермеген жаңа қырынан көре білгені және отарлық биліктің таяу жылдары ірі шараларды іске асыруға даярлық жасап жатқанын байқағаны туралы айтылады [5].

        Авторлар «... материалдарды саралауға Ә.Н. Бөкейхан, И.Ф. Гусеев және мен қатыстым. Қауымдық ауылдың топтарға қатысты қосымшаларды, рулық схемаларды, табиғи-тарихи аудандарды анықтау және суреттеу, көшіп-қонудың кестесін жасау, қырғыз (қазақ) сөздерін алфавиттік жүйеде топтау, қырғыздардағы жерді пайдалану картасын құрастыру жұмысы Ә.Н. Бөкейхан белсенділігімен атқарылды», - деп жазған Л. Чермактың «Материалы по киргизскому землепользованию, собранные и разработанные экспедицией по исследованию степных областей. Семипалатинекая область. Каркаралинский уезд» атты экспедицияның VI томында жазған сөзін келтіре отырып, Әлихан Бөкейханның еңбегін көрсетеді [5, 27 б.] Қалай болғанда да, Ә. Бөкейханның көзқарасының Ф.А. Щербина экспедициясына қатысқаннан кейінгі кезеңде үлкен өзгерістерге ұшырағандығы анық. Қалай болғанда да Әлихан Бөкейхан сияқты қазақ зиялыларының саяси аренада жаңа сапаға көтерілуіне Ресейде болған I орыс төңкерісі ерекше ықпал етті. Осы төңкерістен кейін студенттік жылдарда және Омбы қаласында қызмет еткен өмірінің алғашқы кезеңінде маркстік бағытта тұрған Әлихан Бөкейханның саяси көзқарасы өзгерді. Ол қазақ даласын отарлау саясатына білек сыбана кіріскен патша өкіметімен күрес жүргізу үшін әуелі бүкіл қазақ жұртының басын біріктіруді, сонымен бірге орыс қоғамының ішінде ресми билікке қарсы тұрған саяси күштерге сүйенді. 1905 ж. қарашада Әлихан Бөкейхан Мәскеуде өткен земство және қала қайраткерлерінің съезіне қатысты. Съезде қазақ халқының жоғын жоқтап сөз сөйледі. Сөзінде қазақ халқының тіл, сайлау, дін, т.б. бостандықтары мәселесін көтерді. Ол осы жылы «Халық бостандығы» (конституңиялық-демографиялық) партиясының мүшелігіне, ал 1906 жылы оның Орталық Комитетінің құрамына енді. Әлихан Бөкейхан конституциялық-демократиялық партияның Қазақстанда бөлімшесін ашуға ынта білдірді. 1906 жылдың маусым айында Семейде өткен қазақ сайлаушыларының съезінде Ә. Бөкейхан «Халық бостандығы» партиясының бағдарламасын қуаттап сөз сөйледі. Ол 1 Мемлекеттік Думаға Семей облысының қазақтары атынан депутат болып сайланды. Бірақ, ол I Мемлекеттік Дума жұмысына қатыса алмады. Өйткені Ә. Бөкейхан Дума өз жұмысын бастаған кезде Дала генерал-губернаторының негізсіз жарлығымен, соттың тергеуінсіз, үш ай Павлодар абақтысында отырды. Ал абақтыдан шығып Санкт-Петербургке жеткенде, Дума патшаның үкімімен тартылып, оның біраз мүшелері наразылық актісін қабылдау үшін Финляндияның Выборг қаласына жүріп кеткен еді. Әлихан да солардың артынан арттанып, Выборг үндеуіне қол қойды. Сол үшін жазаға тартылып, Санкт-Петербург сот палатасының төтенше мәжілісінің шешімімен 3 айға Семей түрмесіне жабылды.

 

 

Әдебиеттер:

Бейсенбекова Н. А. Әлихан Бөкейхан - ұлт мақтанышы: монография / Н. А. Бейсенбекова, Г. М. Смағұлова, Л. К. Шотбакова; Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Тарих факультетінің "Тұлғатану" ғылыми-зерттеу орталығы, Қарағанды облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, "Тарихи - мәдени мұраны сақтау орталығы" КММ. - Қарағанды: Гласир, 2016. - 197 б.

***

Жұмашев Р. Федор Щербина экспедициясы және Әлихан / Р. Жұмашев, М. Амрина // Қасым. - 2017. - № 1. - 161-178 б.

Алпысбес М. Әлихан және қазақ шежіресі // Абай. - 2014. - № 6. - 25-30 б.

Мұқан Т. Ғылыми экспедиция Ақтоғайда // Тоқырауын тынысы. - 2015. - 14 тамыз (№ 35). - 8 б.

Қошанов А. Ұлт көсемінің бір ғасыр бұрынғы бағдары // Жалын. - 2016. - № 10. - 60-64 б.

Тоқсанбай Қ. Әлихан Бөкейхан ізімен // Қазақ үні қосымша. - 2016. - 29 қараша (№ 6). - 16-17 б.

Әлиман Ж. Ақтоғайдан - Алашқа // Орталық Қазақстан. - 2016. - 9 шілде (№ 108/109). - 1 б.

 

bottom of page