top of page
Бокейхан.jpg

Әлихан Бөкейхан –
саяси күрескер

    1905-1907 жылдары қазақ ұлттық қозғалысы басталды. Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы басшылығымен қазақ елінде демократиялық қозғалыс басталып, конституциялық монархия және либералдық реформа үшін күреске бет бұрылды.

     1905 жылдың жазында Қоянды жәрмеңкесінде зиялылардың басшылығымен қазақ халқы атынан патша өкіметіне петиция жазылды. Бұл тарихқа Қарқаралы петициясы атымен енді.

Петиция туралы құжаттан Әлихан Бөкейханның қазақ халқының болашағы үшін атталған мәселелердің қаншалықты өзекті екендігін көрсеткендігі байқалады. Оны төмендегі құжаттан көруге болады: ПЕТИЦИЯ КАЗАХОВЪ

 

    Қарқаралы XX ғасырдың басындағы саяси қозғалыстың бастауы - бесігі болды. Теңдесі жоқ құжатта алғашқы рет қазақ халқының арманы мен империяға тең кұқық, тәуелсіздік талаптары қойылды. Петицияда: халық мүддесімен, тарихи құқықтарымен санасу, жер мәселесі, мемлекеттің ішкі ісіне араласпау т.б. ұлттық мәні бар мәселелер қарастырылды.

Осы құжаттан қазақ ұлтшылдығының өмірлік сұраныстан туған толық табиғи құбылыс екендігін жеңіл-ақ аңғаруға болады. Қазақ ұлтшылдығының идеялық өзегі «менің ұлтым өзгеден артық» сияқты мазмұндағы ой емес, елім, халқым деген саналы азаматтың құлдықтан азаттыққа ұмтылған жұртын озгемен тең дәрежеге жеткізу жолындағы жанкешті қызметке әзірлігін білдіретін саяси ұстаным болатын.

     Әлихан Бөкейхан Қазақстан петиция жылдарында Ресейдің мемлекеттік думасында депутат ретінде қатысып, думада өз ой-пікірлерін білдірді. Мұсылмандар бюросының мүшесі болып, мұсылмандарды қолдап, ол жөнінде бірнеше мақалаларын газет беттерінде жариялады. Осы еңбектерінен мемлекетшілдік көзқарасының эволюциялық дамуы байқалады. Біздің ойымызша, мемлекеттік думадағы қызметі Әлихан Бөкейханның саяси күрес мектебінен өткендігінің дәлелі.

    I дүниежүзілік соғыс Ресей империялық отаршылдығының ұстанымын түсініп, қаупін біліп, Әлихан Бөкейхан қазақ зиялыларымен бірге мерзімді басылымдар шығарып, қазақ халқының саяси оянуын қолдады. «Қазақ» газетінде Әлихан Бөкейхан және оның серіктестері қазақ мемлекеттілігін қайта құру жолдарын насихаттады. «Қазақ» газеті қазақ мемлекетілігін қайта қалпына келтірудің дала насихатшысына айналды. Өз алдына тәуелсіз мемлекет болу үшін қажетті саяси ұстаным - жер мәселесін шешу болды. Аталған мәселені Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газеті арқылы бірнеше көтерді.

    Әлихан Бөкейхан қазақ елін отаршылдық бұғаудан жақын уақытта босатуға ұмтылды. Соған байланысты 1917 жылғы ақпан төңкерісін қолдайды. Міржақып Дулатұлы және Мұстафа Шоқаймен бірге Петроградта 1917 жылы наурыздың 20-шы жұлдызында жазылған «Алаш ұлына» деген мақаласында: «Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бүгін теңелдік. Неше ғасырлардан бері жұрттың бәрі қорлыққа, құлдықта ұстаған жауыз үкімет, өзгеге қазған оры өзіне шағын көр болып, қайтпас қара сапарға кетті. ...Енді бүгін теңеліп, түсімізде көрмеген жақсылықты өңімізде көріп, төбеміз көкке жетіп отыр», - дейді Әлихан Бөкейхан [5, 372 б.]. Осыған байланысты ол Минскіде болып, өзінің жақтастарымен Орынборға жедел хатында жіберді: «Ресейдің барлық халықтары үшін теңдік және туыстық таңы атты. Жаңа үкіметті қолдау үшін қазақтардың бірігуі қажет. Жаңа тәртіпті бекіту үшін басқа халықтармен туыстық қатынасты ұлғайту керек. Құрылтайшылар жиналысына сайлауға дайындалу керек. Бірлік пен әділдік үшін күресіңдер! Құдайдан басқа ешкімнен қорықпаңыздар, еңбек етіңіздер, жаңа үкімет қолдаңыздар». Бұл тарихи құжаттың басты мақсаты - қазақ халқы өз тағдырын өзі шешуге дайындалу керектігін көрсету. Уақытша үкімет қазақтарға автономия беруді қолдамаған. Сол себептен ол кадет партиясы қатарынан шыққан еді және қазақ тарихында алғашқы саяси партияны ұйымдастырған. Сол мұратқа жету жолында Алаш партиясы - Ресейдің құрамында автономды қазақ мемлекеттілігін құруды негізгі стратегиялық мақсат тұтты. Партиясы өз бағдарламасында Ресей мемлекетін демократиялық, федеративтік республика деп таныды. Соған сәйкес ұлт зиялыларының мемлекеттік дербестік мәселелеріне демократиялық тұрғыда қарады. Соған сәйкес партия ең басты көңіл аударған, бірінші кезекте атқарылатын істерді былай тұжырымдады:

- Мемлекет ұғымы территория меншігі мен саяси тұрақтылық деген атаулармен түсіндіріледі;

- Алаш зиялылары зорлық-зомбылыққа, бір таптық (жұмысшы) диктатурасына қарсы болды;

- Мемлекеттің басқару жүйесі президенттік билік формасы;

- Әлеуметтік тегіне қарамастан демократиялық сайлауды жақтады. Сол жолда партияның жетекші көшбасшылары мемлекетін құрудың келесі кезеңі болып табылатын екінші жалпы қазақ съезін 1917 жылы желтоқсан айында дайындап өткізді. Осы кезде уақытша үкімет басқа да шет аймақтарындағыдай Қазақстанда да ең өзекті ұлт өміріне қатысты мәселелерді шешпеді. Ол уақытша үкіметтің әлжуаз, тұрақсыз саяси билікке айналуы. Соның салдарынан бүкіл империяны қамтыған анархия, зорлық пен зомбылық орын алды. Осындай дағдарыста Ә. Бөкейхан бастаған алаш зиялылары 1917 жылдың жазында қалыптасқан жағдай қазақ халқының келешек тағдырын дұрыс шешу үшін жалпы ұлттық мәселелерді (мемлекет, жер, тіл, дін) саяси күрестің күн тәртібіне қойды. Оларды шешу жолында ұлттық мәні бар қызмет атқарды. Ол жұмыстар: партияның бағдарламасының жобасын дайындады, қазақтың ұлттық мемлекетін құру ісіне кірісті, құрылтай жиналысына депутат ұсынды, қазақ даласында сайлаудың қажеттілігін түсіндірумен айналысты.

    1917 жылы 21-26 шілдеде бірінші қазақ съезі Орынбор қаласында өтті. Съездің күн тәртібінде Қарқаралы петициясында негізі салынған ұлттық мәселелер толықтырылды. Сол кездегі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне байланысты 14 мәселе қаралды. Олар:

1. Мемлекеттік билеу түрі;

2. Қазақ облыстарында автономия;

3. Жер мәселесі;

4. Халық милициясы;

5. Земство;

6. Оқу мәселесі;

7. Сот мәселесі;

8. Дін мәселесі;

9. Әйел мәселесі;

10. Учредительное собрание сайлауына даярлану һәм қазақ облыстарынан депутаттар (Құрылтай жиналысын шақыру және оның қазақ облыстарындағы сайлауына дайындық - авт.);

11. Бүкіл Россия мұсылмандарының кеңесі (Шорай ислам);

12. Қазақ саяси партиясы;

13. Жетісу облысының уақиғасы;

14. Киев шаһарында болатын бүкіл Россия федералистерінің съезіне һәм Петроградта болатын оқу комиссиясына қазақтан өкіл жіберу» деген бөлімдерден тұратын съездің бағдарламасына енген [5, 405 б.].

    Осылардың ішінде өзінің мазмұны мен саяси маңызы жағынан ұлттық автономия, жер мәселесі мен Құрылтай жиналысына дайындық мәселелері бірінші кезекте, өте саяси пікірталас жағдайында талқыланды. Мысалы, ұлттық автономия туралы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы тәуелсіз автономиялық Қазақ мемлекетін жақтап сөйлесе, Әлихан Бөкейхан демократиялық, федеративтік және парламенттік Россия Республикасының құрамындағы қазақтың ұлттық территориялық автономиясы болуын қолдады. Съезд басым көпшілікпен Әлихан Бөкейханның ұсынысын жақтаған. Бұл жөнінде «Қазақ» газетінің 1917 жылғы шілденің 31-дегі № 238 санында жарияланған съезд жұмыс туралы мақалада айтылған [5]. Съезде қаралған үлкен мәселенің бірі - жер мәселесі. Осы мәселе туралы 14 тармақтан тұратын шешім қабылданды. Оның бастылары мыналар: «қазақ халқы өзіне еншілі жерге орналасып болғанша, қазақ жері ешкімге берілмесін. Қазақ даласында жарамды жер аз болғандықтан, қазақ пайдасынан алынып кеткен мынандай учаскелер қазақтың өзіне тоқтаусыз қайрылсын: дворянский, скотоводческий, торгово-промышленный, курортный, монастырский, переселенең орнықпағандар, отрубтар ... Бос учаскелерге жазылу тоқтатылсын ... Қазақтан алынған қыстаулар, егер қожалары әлі көшпеген болса, қазақтың өзіне қалсын ... Айрықша қазына мүлкінде деген тоғайлықтардағы қазақ шабындығы өзіне қайтарылсын ... Жер хақында қазақ өз алдына жер жобасын жасасын ...» [5, 405-406 б.].

     «Менің жер туралы саясатқа көзқарасым мынаған келіп саяды: орыстар (қоныстанушылар) мен қазақтарға жерді тең мөлшерде бөліп беруге болмайды, өйткені орыстар жерді өңдеу мәдениетін жақсы меңгерген. Сондықтан да олар үнемі қазақтардан үстем түсіп отырды, ақыр аяғында, қазақтарды ығыстырып шығарды. Міне, менің жер мәселесі жөніндегі «ұлтшылдық» көзқарасым осы», - деген болатын Әлихан Бөкейхан 1929 жылғы ОГПУ тергеушілеріне берген жауабында. Қаралған тағы бір мәселе құрылтай жиналысына сайлау туралы болды. Оның депутаттығына кандидаттыққа әр облыстан Депутаттыққа кандидаттар ішінде бірінші қатарда қазақтың либералды-демократиялық қозғалысының көпшілік таныған көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, облыс жетекшілері Әлімхан Ермеков (Семей), Халел Ғаббасов, Жақып Ақбаев, Айдархан Тұрлыбеков, Асылбек Сейітов, Міржақып Дулатов, Ахмет Бірімжанов, Сейітәзім Қадырбаев (Торғай), Халел Досмұхамбетов, Жаһанша Досмұхамбетов (Орал), Мұхаметжан Тынышпаев, Ыбырайым Жайнақов, Садық Аманжолов (Жетісу), Мұстафа Шоқаев, Әзімхан Кенесарин (Сырдария), Қоңырқожа Қожықов, Ғабдалрахман Оразаев (Ферғана облысынан), Бақыткерей Құлманов, Уәлихан Танашев (Бөкей), Алдабек Мангелдин (Самарқанд) т.б. болды. Бұлармен қатар Құрылтай жиналысы депутаттығына кандидаттар болып жалпы қазақтық съезд бекіткендердің қатарында Ақмола облысынан Сәдуақас (Сәкен) Сейфуллин мен Мағжан Жұмабаевтың, Сырдария облысынан Сұлтанбек Қожанов пен Санжар Асфендияровтың, Ферғана облысынан Нәзір Төреқұловтың, Семей облысынан ғалым, қоғам қайраткері Григорий Николаевич Потанин, Ферғана облысынан Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі Вадим Чайкиннің болғандығын айту керек [5, 118 б.].

    Съезде қаралған барлық мәселелер талқыланын, шешімдер қабылдану барысында қазақ ұлт зиялыларының ықпалы басым болып отырды. Сайып келгенде, Орынборда өткен бірінші Бүкіл қазақ съезі «Алаш» қазақ ұлттық саяси партиясын шын мәнінде заңдастырды. Партияның «Алаш» деп атануын былай деп түсіндірді: «Партия ұраны десек, бабамыздың «Алаш» ұранынан артық ұранды іздесек те таба алмаймыз. Сөйтіп қазақ саяси партиясының атын «Алаш» қою ойлап әуре болмастан ауызға түсіп тұр» [5, 414 б.]. «Алаш» партиясының көсемі болып Әлихан Бөкейхан танылды.

 

    Мәтін «Әлихан Бөкейхан - ұлт мақтанышы» монографиясынан алынды (Бейсенбекова Н. А. Әлихан Бөкейхан - ұлт мақтанышы; монография / Н. А. Бейсенбекова, Г. М. Смағұлова, Л. К. Шотбакова ; Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Тарих факультетінің "Тұлғатану" ғылыми-зерттеу орталығы, Қарағанды облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, "Тарихи - мәдени мұраны сақтау орталығы" КММ. - Қарағанды: Гласир, 2016. - 197 б.

 

Әдебиеттер:

Ақбаев Ж. Қарқаралы петициясы // Бөкейхан Ә. Мақалалар, сын-зерттеулер және тергеудегі жауаптар: ғылыми басылым / Ә. Бөкейхан, Ж. Ақбаев, Ә. Ермеков; ақылдастар алқасы Б. Әбдішев; ред. Қ. Асанов; Қарағанды облысының әкімдігі. - Астана: Фолиант, 2013. - 248-255 б.

Аршабеков Т. Т. Алаштың Әлиханы; Қарағанды облысы мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, Сарыарқа ғылыми-зерттеу орталығы, Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейі. - Қарағанды: Tengri Ltd, 2016. - 130 б.

Байгелова Н. Е. Қарқаралы петициясының конституциялық-демократиялық жобалары және оның Қазақстан конституционализмінен алатын орны мен ролі: автореферат. - Алматы: Lem, 2006. - 31 б.

Бірінші орыс революциясы және Қазақстан. Қарқаралы петициясы. // Бейсенбекова, Н. А. "Алаш" қозғалысының тарихы: оқу құралы / Н. А. Бейсенбекова, Л. К. Шотбакова, Қ. С. Өскенбаев; Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті. - Қарағанды: ҚарМУ, 2018. - 43 б.

Общiй очеркъ Каркаралинскаго уъезда // Бөкейхан Ә. Шығармалары = Сочинения: [жинақ]. - Астана: Сарыарқа, 2016 -3 т.: Мақала. Корреспонденция. Азанама. Жеделхаттар. Петиция сөздер. Ғылыми монография. Щербина экспедициясының материалдары. Қарқаралы Оязы (басы) = Статьи. Корреспонденции. Некрологи. Телеграммы. Петиция речи. Научная монография. Материалы экспедиции Щербины. Каркаралинский Уезд (начало): 1903-1905 (Омбы - Семей - С.-Петербор - Воронеж -Томскі / құраст. С. Аққұлы. -  2017. - 272-278 б.

Смагулов Б. А. Қазақ мерзімді баспасөзінің дамуы және Қарқаралы петициясының тарихынан // Шоқан тағылымы: өткені мен бүгіні атты Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары = Материалы научно-практической конференции "Наследие Шокана: в прошлом и настоящем": қазақтың ұлы ғылымы, географ, тарихшы-этнограф Ш. Ш. Уәлихановтың туғанына 180 жыл толуына арналған / жауапты ред. Ә. Б. Жағыпар. - Қарағанды: Гласир, 2015. - 171-175 б.

 

***

Аршабеков Т. Әлихан және Қарқаралы петициясы // Орталық Қазақстан. - 2016. - 30 тамыз (№ 138/139). - 6 б.

Балташұлы Е. Қазақ рухын асқақтатқан құжат // Орталық Қазақстан. - 2005. - 24 қыркүйек. - 5  б.

Балташұлы Е. Қазақ рухын асқақтатқан құжат: қарқаралы петициясына - 100 жыл // Орталық Қазақстан. - 2005. - 24 қыркүйек. - 5  б.

Бейсембекова Н. 1905 жыл. "Қарқаралы петициясы" // Орталық Қазақстан. - 2016. - 1 қазан (№ 161/162). - 6 б.

Әнесұлы Ж. Алаш туын көтергендер // Президент және халық. - 2017. - 13 қаңтар (№ 1). - 5 б ; 20 қаңтар (№ 2). - 5 б.

Каренов Р. Алаштың бас көсемі // Азия Транзит. - 2000 . - №2. - 5-13  б.

Каримов М. Ә.Бөкейханов және XX ғасырдың басындағы Шығыс Қазақстан жеріндегі қоғамдық-саяси жағдай // Абай. - 2016. - № 6. - 29-35 б.

Майбас Т. Артық жер Қарқаралыдан қалай табылды? // Орталық Қазақстан. - 2005. - 25 қазан. - 3  б.

Мектеп-тегі А. Ақсұңқар құстың сойы еді // Заң. - 2016. - № 11. - 45-51 б.

Мектеп-Тегі А. Ұмытар ма, Әлиханды, исі қазақ баласы // Заң. - 2017. - № 5. - 33-39 б.

Нәсенов Б. 1905 жылғы Қарқаралы петициясына және патшаға жіберілген // Абай. - 2006. - №3. - 26-29  б.

Омарбекұлы М. Алаш көсемінің Қарқаралыдағы іздері // Қарқаралы. - 2004. - 24, 31 қаңтар; Орталық Қазақстан. - 2004. - 3 ақпан. - 4  б ; Қарқаралы. - 2005 . - №1. - 48-50  б.

Оспанов С. Тарихқа тағзым - болашаққа аманат // Қарқаралы. - 2014. - 31 мамыр (№ 43/44). - 4 б.

Оспанов С. Әлихан және Қарқаралы // Орталық Қазақстан. - 2006. - 23 мамыр. - 6  б.

Оспанов С. Тәуелсіздік жолында // Қарқаралы. - 2005. - 24 қыркүйек. - 4 б.

Тайшыбай З. "Қарқаралы петициясы" туралы ақиқат тарихтың түйіткіл тұстары // Орталық Қазақстан. - 2000. - 28 маусым.

 

bottom of page