top of page
Бокейхан.jpg

Алғы сөз

    «Тірі болсам қазаққа қызмет қыламын», - деп өзінің өмірін түгелімен ұлтының мүддесіне арнаған қазақ халқының аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның туғанына биыл 155 жыл толып отыр.

      Әлихан Бөкейхан XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласында кеңінен қанат жайған ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының негізін қалаушы және жетекшісі, Алашорда ұлттық автономиясы Халық кеңесінің төрағасы болды. «Алаш» қозғалысы жетекшісінің іс-қимылы мен рөліне замандасы Қошмұхаммед Кемеңгерұлы 1920 жылы жазған «Қазақ тарихынан» деп аталатын тарихи очеркінде: «Үкiметтiң қара қуғын жасаған күндерiнде айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшiн басын құрбан қылған ат төбелiндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан», – деп жазды.

     Халқының жарқын болашағына, елінің азаттығы жолында аянбай қызмет еткен Әлихан Бөкейханның тарихтағы алар орны ерекше. Қазақ тарихындағы ұлт басына төнген нәубет, зобалаң жылдарда жеке мүддеден ұлт мүддесін артық қойып, елінің тәуелсіздігі жолына өмірін арнаған Әлихан Бөкейханның тарихи ерлігінен бүгінгі ұрпақ үлгі алуы тиіс. Осыған орай назарларыңызға «Әлихан Бөкейхан – ұлт мақтанышы» атты виртуалды кітап көрмені ұсынамыз.

     Көрменің мақсаты Алаш көсемінің тарихи ерліктерін атап өту, оны кейінгі ұрпаққа паш ету, тұлғаның бейнесі, оның атқарған қызметі, ол өмір сүрген қоғамдық орта арқылы ұлттық тарихты танып-білу.

Виртуалды көрмеден Әлихан Бөкейханды жан-жақты кешенді зерттеуде өзіндік үлес қосып жүрген ғалымдардың, ақын-жазушылардың, өлкетанушылардың сонымен бірге Алаш мұрасын көпшілікке кеңінен насихаттау бағытында үлкен жұмыс жүргізіп жүрген жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу орталықтарының еңбектерімен таныса аласыздар.

      Виртуалды кітап көрмесі 4 бөлімнен тұрады: «Ғұмырбаян», «Әлихан Бөкейхан саяси күрескер», «Әлихан Бөкейхан мұрасы», «Ұрпақтар ұмытпайды», «Әлихан әлемі»

Көрмеде кітапхана қорындағы Ә.Бөкейхан жайында мақалалар, зерттеулер, арнаулар, очерктер, фотосуреттер жинақталған, кейбір мақалалардың толықмәтіні берілген және әлеуметтік желідегі ауқымды қамтылған барлық мәліметтердің сілтемелері жасалған. Бұл материалдар арқылы оқырманның аса құнды мәліметтер ала алатындығы даусыз.

    Ғаламтор пайдаланушы қауымға жол тартып отырған виртуалды көрме Әлихан Бөкейхан туралы қызығушылық танытқан пайдаланушыларға қажетті ақпараттар іздеуде көмекші бола алады. Мұнда орналастырылған мәліметтер әрдайым жаңа деректермен толықтырылып отырады.

bottom of page