top of page
Бокейхан.jpg

Әлихан Бөкейхановтың балалық шағы

      Жас кезінде қазақтың бүкіл тарихын, оның үстіне Шыңғыс хан заманынан қалған тарихты айтып отыратын аталарының ортасында өсуі Əлиханды қайраткер етіп тəрбиелеген екен. Оның төре тұқымынан шыққанын, Абылай ханның ұрпағы екенін есте сақтауымыз керек. Бірақ, Əлихан «мен Абылай ханның ұрпағымын» деп ешқашан кеуде қақпаған. Керісінше, «төрелердің мойнында қазақтың қаны бар» деп өткен. Соны кішкентай кезінен «қазаққа қызмет ету төрелердің міндеті» деп түсінген. Осының бəрін біліп өскен Əлихан өзін бəріне жауапты сезінді. Ұлтқа қызмет етуді өзіне кішкентай кезінен міндет етіп алды.

     Алты жасқа дейін Əлиханның тілі шықпапты. Маңайындағы кісілер «бұл кемтар болып қалды» деп уайымдай бастаған. Бірақ, алты жастан кейін сөйлеп кеткен. Онда да көп сөйлемейді, көп тыңдайды. Ерекше бала болғанын ата-анасы бірден білген. Қимыл-əрекеті шапшаң, шымыр болған. Асық ойнағанда бəрін ұтып алады. Бірақ, қайтадан таратып береді. Балаларда көреалмаушылық пайда болып, кектеніп қалмасын деген бекзадалық болмысы бұл. Мен үшін бұл өте құнды ақпарат болды. Ел оны «сөйлей алмайды, мылқау» деп жүрсе, ол ұтып алған асықтарын таратып беріп жүрген. Мұның өзі иманды ортада өскенін дəлелдейді. Əлихан үйінің тұңғышы. Содан кейін Смахан, Базылхан, Əзілхан, Тəтіқан деген бауырлары, Нұрбек деген жалғыз қарындасы болған. Əлиханның ата-анасы туралы айттық, ал анасы кім болған?

     Əлиханның анасы мен Шəкəрім Құдайбердіұлының анасы туған апалы-сіңлілі болған. Атақты Мамай батырдың немерелері. Алты жасында «біссіміллə рахман рахимге» тілі келген балаға Құран үйрететін. Əлихан алты жасынан сауат ашқан. Анасы Бегім ханым, Шəкəрімнің анасы Төлебике ханым тобықты руынан шыққан. Бұлар өте сауатты, қасындағы адамдарға дін үйретіп, арабша, парсыша жазуды үйреткен. Ел ішінде қайырымды, өнегелі жандар болған. Ертегі, жырларды жатқа білген аналар. Осындай аналардан Əлихан мен Шəкəрім сияқты тұлғалар шығып отыр.

      Бегім ханым өте мейірімді, ізгі ана болған. Ауылындағы бар адамға арабшадан сабақ берген. Тіпті, көрші ауылдағы жетім балаларды алдырып, сабақ оқытқан. 1918 жылы қайтыс болды. Əлихан жерлеуіне келе алмады, қуғында жүрген кезі. Біз барған Ақтоғайда Талдыбейіт деген пантеон бар. Əлихан оны əкесіне жəне жастай қайтқан інісіне өзі салған. Сол зираттың шетінде анасы жатыр. Əулеттің зиратында əйелдер ең шетінде жатады ғой. Сонда Бегім ханымның тақтасында арабша жазу бар екен. Бізбен бірге барған Хамит Ерғалидың немересі Айжан Хамит арабша, парсыша біледі екен, сол аударып берді. «Жетім мен жесірдің жел жағында панасы, ық жағында қаласы, тоңғанға болған тон, шөлдегенге болған сусын» деп жазылыпты. Сонда бұл сөз Əлиханның анасы қандай адам болған деген сұраққа толықтай жауап беріп тұр.

     Əрине, тұңғышы Əлиханды ерекше сезіммен тəрбиелеген. Алты жасқа дейін сөйлемегеніне қатты қиналған. Күндіз-түні намазында Құдайдан тілеп отырған. Осы баласының жолы ашылсын деп елге көп жақсылық жасаған. Төрелер кеңес өкіметінің кезінде құрып жатқанда, Əлиханның тағдыры қалай болады екен деп, қорқыныш келе жатқанын жақсы білген. Əлихан үлкен атасы Мырзатайдың қолында өскен. Əкесі ерте қайтыс болған. Біз барған Ақтоғайдан Балқаш жаққа қарай жүргенде Желтау деген тау бар. Сол таудың етегі Бөкейхандардың қыстағы болған. Қыстауда мектеп ашылып, 1939 жылға дейін жұмыс істеген. Əлихан атылып кеткеннен кейін «төрелер салған мектеп» деп жермен-жексен етіп бұзып тастапты.

Желтаудың ең шетінде үлкен тас тұр. Жергілікті халық «Қарауылдың қара тасы» дейді екен. Қарасаңыз, ханның тағы сияқты. Отырып қарасаңыз, жазық жер астында, төменде жатыр. Əлихан кішкентай кезінде сол жерде отырады екен. Сол жерге бəріміз өрмелеп шығып отырып көрдік. Сонда астыңғы жағы құз жəне жазық дала, алдыңызда үлкен əскер тұрған сияқты əсер береді. Шынында хан отыратын тақ сияқты. Мүмкін Абылай да, Кенесары да отырған шығар. Оны мен «Хан тасы» деп атап кеттім. Ол жерге Əлихан 1922 жылы 10 қазанда отырған екен. Сол жерде отырғанда Қарқаралыдан қуғыншы келіп, «туған жеріне келуге тыйым салынды» деген бұйрық əкелген. Содан кейін туған жеріне келмеген.

     Əлихан ауылдағы молдадан сауат ашып, одан кейінгі білімін Қарқаралыға келіп жалғастырады. Қарқаралыдан Желтауға атпен 3-4 сағат жүретін жол бар. Қарқаралыдан Тоқырауын өзені бойымен жүргенде тікелей Талдыбейіттің үстімен Балқашқа өтіп, бері Ілеге, Алатауға ауады. Сол жолдың бойында отбасылық пантеонын əдейі салған. Ары-бері өткен адамдар дұға жасап өтсін деген тəрізді. Бірақ, қазір Қарағандыға жол салынғандықтан, ол пантеон шетте жатыр.

Əлиханды əкесі жеті жасында Қарқаралыға əкеледі. Белгілі көпес Халиолла Бекметовтің үйінде тұрады. Зариф молда медресесінен білім алады. Сосын 4 сыныптық бастауыш мектепке түседі. Оның бағдарламасы қазіргі біздің 11 жылдық мектептің бағдарламасы сияқты. Бұл қалада 1886 жылға дейін оқып, осы жерден 16 жасар жігіт болып, Омбыға оқуға жолдама алып, кейін Санкт-Петербургке аттанады. Мұны не үшін айтып отырмын? Кеңес өкіметінің кезінде төрелер деп ешкім қарамаған. Өзінің зеректігімен өз ортасында абыройлы болады. Емтихандарын жақсы бағаға тапсырып, үздік оқушы болып шығады. Сол кездегі мектептерде қосымша кəсіп үйрететін. Сонда Əлихан етікші ісін таңдап алады. Кейін шаршағанда етікшілікті кəсіп ретінде пайдаланған. Мысалы, Жүсіпбек Аймауытов зергер болған.

     Əлихан осы мектепте оқып жүргенде, мектепке атақты генерал-губернатор Колпаковский келеді. «Бұл мектепте қандай қазақтар оқып жүр екен?» деген сын көзімен қарайды. Сонда Колпаковский оқушыларға жұмбақ жасырады. «Омбыдан мына пəуескемен келдім. Ал Қарқаралыға жеткенше Омбыдан шыққан пəуескенің дөңгелегі қанша рет айналды? Осыны қайсысың шығара аласыңдар?» – деп менсінбей қарайды. Сонда топ ішінен жас бала жүгіріп шығып, белдігін суырып алып, пəуескенің дөңгелегін өлшейді де, қолына таяқ алып, жерге сызып, елдің көзінше есеп шығарып береді. Бұл 14 жасар Əлихан Бөкейханов болатын. Сонда генерал-губернатор қазақ баласының зеректігіне əрі батылдығына таңғалады.

    Мектепті бітірген соң Омбыда оқуға ұсыныс беріп, дала губернаторының стипендиясын тағайындайды. Сол қолдаудың арқасында Омбының техникалық училищесін үздік бітіреді. Оған дейін Əлихан Нұрмұхамбетұлы болып жүреді, училищені бітіргенде «енді мен Əлихан Бөкейханов болып жазыламын» деп тегін өзгертеді. Өзінің таза еңбегінің арқасында Санкт-Петербургтің императорлық Орман институтына оқуға түсуге ұсыныс беріледі. Себебі, ол кезде қазақтарға, басқа ұлт өкілдеріне институтқа тікелей түсуге тыйым салынған. Сөйтіп, Орман институтында оқуға рұқсат беріледі, стипендия да сол күйінде қалады. Санкт-Петербургке 20 жасында барады. Сонда 6 жасында тілі шығып, 14 жасында Колпаковскийдің есебін шығарып беріп, 20 жасында Санкт-Петербургке оқуға аттанады. Əлиханның балалық шағы күреске толы болды. Ол барлық қиындықты қайсарлықпен жеңіп шықты.

 

Айгүл ІСІМАҚОВА,

филология ғылымдарының докторы, əлихантанушы

 

Ақпарат дереккөзі

Әдебиеттер тізімі:

Бейсенбекова Н. А. Әлихан Бөкейхан - ұлт мақтанышы: монография / Н. А. Бейсенбекова, Г. М. Смағұлова, Л. К. Шотбакова; Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Тарих факультетінің "Тұлғатану" ғылыми-зерттеу орталығы, Қарағанды облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, "Тарихи - мәдени мұраны сақтау орталығы" КММ. - Қарағанды: Гласир, 2016. - 197 б.

***

Жарылғап М. Мәдени мұра төңірегіндегі ой // Орталық Қазақстан. - 2006. - 8 шілде. - 8  б.

Жүнісұлы О. Талдыбейіт. Желтау... // Ана тілі. - 2016. - 15 - 22 желтоқсан (№ 50/51). - 5 б.

Мұқан, Т.Ақтоғай - Алаш арыстарының атамекені // Егемен Қазақстан. - 2016. - 15 сәуір (№ 71). - 8 б.

Омарбекұлы М. Әмбеге бірдей Әлихан Тоқырауында туып, Қарқаралыда түлеген // Қарқаралы. - 2008. - 16 тамыз (№ 65/66). - 3 б

Ісімақова, А. Әлихан Бөкейхановтың балалық шағы: Оқулыққа қосымша; Жазып алған Б.Мұратқызы // Ақ желкен.- 2016.- №10.

 

bottom of page