top of page
Бокейхан.jpg

Ұрпақтар ұмытпайды

      Әлихан Бөкейхан қазақ халқы ғана емес бүкіл түркі жұрты үшін еңбек етті. Ол қазақтың және бүкіл түркі халықтарының мақтанышы ғана емес, Әлихан Бөкейханды ЮНЕСКО шешімі (2016) арқылы бүкіл әлем таныған тұлғаға айналды.

Азатшыл рухтағы бұлқыныстарды аяусыз жаншып отырған коммунистік жүйенің имансыз саясатына қарамастан исі қазақ баласының Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш идеясына деген құрметі ешқашан толастаған емес. Оған тоталитарлық қысым жылдары жазылған естелік жазбалар толықтай дәлел бола алады. Ұлы дала перзентінің ғаламдық ой-сана биігіндегі сан салалы іргелі ғылыми және рухани мұрасынан қуат алған елшіл ұрпақтың да мұраты тау суындай тасқынды болары хақ.

1992 жылы Ақтоғай аудандық кеңестің шешімімен Қарағанды облысы қазіргі Ақтоғай ауданының бұрынғы Қаратал кеңшарының жеріне Ә.Н.Бөкейхан есімі беріледі. Қарағанды облысында Ә.Бөкейхан есімімен аталатын бірнеше мектеп бар. Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында Ә. Бөкейхан көшелері бар.

    1998 жылы Ақтоғайда Әлихан Бөкейхановқа, Әлімхан Ермековке, Жақып Ақбаевқа ескерткіш орнатылды және Әлихан Бөкейхановтың 4 залдан тұратын мұражай-галереясы ашылды. Мұражайда Ә. Бөкейхан еңбектерінің түпнұсқалары мен көшірмелері, жеке заттары және басқа да құнды жәдігерлер жинақталған.

        2016 жылдың желтоқсан айында Қарағандыда «Әлихан Бөкейхан және Тәуелсіз Қазақстанның тарихи негіздері» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Шараға қатысқан Түркия, Оңтүстік Корея, Ресей, Украина, Қырғызстан елдерінің зерттеушілері алаш арысының атқарған еңбегі мен ерлігін көпшілікке жеткізді. Конференция барысында Қарағанды облысы әкімдігінің қаржыландыруымен 1000 данамен жарық көрген «Әлихан Бөкейханның шығармаларының» 15 томдығының таныстырылымы болды.

Ақтоғай ауданында жалғасын тапқан шарада Ақтоғай ауылындағы оның есімімен аталатын мектеп алдына Бөкейхановтың бюсті орнатылды. Санкт-Петербордағы Ресейдің алғашқы Думасының отырысы өткен Таврия сарайындағы ТМД Парламентаралық Ассамблеясының штаб-пәтеріне Әлихан Бөкейхановтың бюстін қойылды.

         2017 жылы Семей қаласында Әлихан Бөкейхановтың ескерткіші ашылды.

       2019 жылы Қарқаралыда ескерткіш-ансамблі орнатылды. Бұл ескерткіште Алаш қозғалысының көшбасшылары - А.Бөкейхан, А. Ермеков, А. Байтұрсыновтың дөңгелек үстел басында өз халқының болашағын талқылап отырғаны бейнеленген.

       2021 жылы Қарағанды қалалық маслихаты Октябрь ауданына Әлихан Бөкейхан есімін беру туралы қоғамдық тыңдалымның 1 кезеңі өтті. Бұл тыңдалымда  685 адам қатысып ұсынысты бірауыздан қолдады.

Естеліктер

       Әлімхан Ермекұлы: «...Әлихан ағамыз бетті, көбіне тіке кететін кісі еді. Ол осынысынан беріде көп зиян шекті. Арғы түбі төре. Сонау Тәуке хан әулетінен. Ол да мына біз сықылды бала күнінде қырда өсті. Осыдан ба, айла-шарғыға, қулық-сұмдыққа, ресми мәмлегерлікке шорқақтау еді. Ол мәймөңкелемеуді әсте білмейтін. Жұртты бет-жүзің демей, мінін тіке айтып салатын. Әрине, мұндай кісіні жұрт онша жақсы көре бермейді. Ал, мұндай өткірлік, қатаң мінез аса білімді, әділ, турашыл, бұқпантайды жек көретін, күш-жігері тасыған қайратты адамның ғана бойында болады. Осындай қасиетінен ол жұртқа нанғыш та еді. Алдауға да көп түсіп қалатын еді. Жұрттың бәрін өзіндей турашыл көретін. Қандай ресми, мықты басшы адамдармен сөйлескенде де Әлихан тікесінен кететін. Жылқыда еріні салбыраған, арқасы қырдай, бұлшық еттері тоқпақтай, кеудесі сала-құлаш, тұяқтары күректей, жүрісі қатты, үстіндегі адамды желісі тұрсын, аяңының өзі соғып тастайтын аттар болатын. Қыс ауыр жүк артып, шанаға жеккенде, қалың қарды омыраулап, қамытын екі иығына тигізбей ойнатып, қар басқан жолдың бұлқан-талқанын шығаратын қабырғалы аттар болатын. Біздің Әлихан ағамыз дәл сол тұяғы жерді ошақ орнындай ойып тастайтын, аспанға ұшырған қармен шанадағы адамды көміп, бет қаратпай, арба-шананы ойнақтатып отыратын, құндыздығынан су төгілген тұлпардай еді».

         Әлімхан Ермекұлының Жайық Бектұровқа айтқаны: «Білім жөнінен мамандығы орман шаруа­шылығы, оның экономикасы болса да, ол Петербургтің, жалпы Россияның сан алуан адамдарымен тікелей араласты. Алғашқы Думаға депутат болып, орыс, Европа елдерінің көркем әдебиетін зерттеді. Көптеген оқымыстылардың, революционерлердің, кадеттердің, үкімет мүшелерінің қалың ортасында жүрді»

 

        Әлімхан Ермекұлының Қалкен Мәкенбаевқа айтқаны: «Ол кісі Санкт-Петербург Орман техникалық институттың экономика факультетін тәмамдаған. Заң факультетіне Ленинмен қоса экстернат болып емтихан тапсырған. Терең, дария-мұхит білімді ғалым болатын. Шет елдердің тоғыз тілінде еркін сөйлеп, жаза білетін...»

 

         Жұмахан Күдерин Алаш қайраткері, қазақтың алғашқы биолог ғалымдарының бірі (1891(93)-1938): «Вокзалдан түссек, бізді Бөкейханов күтіп тұр екен. Бәріміз қоршап тұра қалдық. Сол кезде Бөкейханов: «Жігіттер, уақыт аз. Қазір сендерді пойызға салып алып кетеді. Тез әңгімелесіп алайық. Мен сендермен кездесуге әдейілеп ресми рұқсат алып келдім», деді. Біз әңгімелесе бастаған уақытта Сұлтанбек Қожанов пен Есқараев екеуі келді. Әлекең: «Екі топқа бөлінейік. Айтарларыңды айтып қалыңдар», деді. Содан, Қожановқа бір топ кетті. Біз Әлекеңмен әңгімелесіп қалдық. Сонда, Әлекең: «Жігіттер, сендер не үшін сотталып бара жатқандарыңды білесіңдер. Сендерді соттап отырған жүйені де білесіңдер. Ешкімнің алдында кінәларың жоқ! Сендер ел үшін сотталып бара жатқан азаматсыңдар! Мұңаймаңдар! Бастарыңды төмен түсірмеңдер! Алда жақсылық болады», деп шығарып салды. Біз Воронежға барғанша көңіліміз өсіп, күліп-ойнап бардық», деп жазады (Қараңыз: Қойгелдиев М. Алаш көгіндегі күн Әлихан Бөкейхан)

 

          Валентина Николаевна Әуезова (Кузьмина): «Ондай зиялы, бiлiмдi әрi мысымен адамды басып жiберетiн қазақты көрмедiм»,

 

       Мариям Қожахметқызы Мұқан келіні: «Бөкейханов келбетті адам екен. Үстінде етегі жер сызған, жағасын алтайы қызыл түлкіден салған қымбат тоны бар. Кескін-кейпі патшадай болып көрінді маған. Тәкаппар, суық жүзді»

 

 

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан туралы замандастарының естеліктерінен топтама

«Өмір жолы». Әлихан Бөкейхан

bottom of page