top of page
Бокейхан.jpg

Әлихан Бөкейханның
нақыл сөздері

     Отаншылдық сезімге қуат, ізгілік пен мейірімге шуақ дарытып, ар-ұждан тазалығына тәрбиелейтін Бөкейханның нақыл сөздері ұлттық болмысымен де ерекше

      Әлихан Бөкейханның сан салалы ғылыми және рухани мұрасы ұлттық жаңару мен жаңғырудағы белесті кезеңдерді тануымызға әрі келер күндері алар асуларымызды бағамдауда өзінің өлшеусіз қызметін атқаруда. Ел мен жер тағдыры, ұлт азаттығы мен рухани кемелділігі, ана тілі мен ата тарихы, мәдениеті мен әдебиеті, саяси және оқу-ағарту саласындағы реформалар, экономикалық даму мен аграрлық мәселелер, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерімен теңелуге нақтылы теориялық және практикалық бағыт-бағдар берген зерделі ойлары мен өзекжарды толғамдары бүгін де, ертеңгі күнде де маңызды болмақ.

      Тәуелсіздікпен рухтанып өскен саналы ұрпақ, жаңа толқын даңқты бабаларымыздың шын мәніндегі мұрагерлері болуы үшін де Алаш қайраткерлерінің мұрасынан рухани нәр алып отыруы шарт.

        Ұлт көсемі, Алаш қайраткерінің сүбелі сөздері мен терең ойларын назарларыңызға ұсынамыз.

 

         Сағымбай Ж.Б. Әлихан Бөкейханның нақыл сөздері

  1. Австралия қойының еті төрт ай мұхитта кемемен жүріп келіп, Петербург базарында сатылады. Малы көшіп жүр, адамы қала болып отыр.

  2. Адам баласы – нәпсінің құлы: маңдайы тасқа тимей тоқтамайды.

  3. Адам баласы бір-біріне өкімші де, құл да болған

  4. Адам баласы қылып жүрген іс ой – ақыл болып басталады, сөз болып сөйленеді, ия жазылады, ақыл сөз сонан соң барып іске айналады.

  5. Адам баласы өзге хайуаннан айырылғанда бұлардан ақылды болып, қол шебер болып айырылады.

  6. Адам жылап отырса - оның орнына келген заң қарпі не опа бере алады?!

  7. Адам қызметіне кіріспей қазына тумайды

  8. Адам шеберлігі араласып іс қылмаса, таудай алтын бір елі қазына

  9. Аз адам атқа міндім деп қасқыр болып жұртқа шапса, мұндай жұрттан береке қайдан болсын?

  10. Айыр сөзге айып жоқ.Ақылға саңырау да айып.

  11. Ақыл да, ұсталық та оқумен, істеумен жүре ұлғаяды.

  12. Ақылға саңыраулық та – айып.

  13. Ақылды сөз қылмақ қиын, ақылды сөзді ақылды іс қылмақ одан да қиын.

  14. Алаштың баласы бақыт – махаббат жолына түсті!

  15. Алда әлі күнді көре білетін ұрпақ келеді ! Сол күнді көретін ұрпақ сендерді еске алатын болады. Бізді ризашылықпен, үлкен құрметпен еске алатын болады! Өкінбеңдер! Күрес жолына түскендеріңе өкінбеңдер!

  16. Алыспаған, жұлыспаған бостандық атына мінбейді, бұғаудан босамайды,ері құлдықтан, әйелі күңдіктен шықпайды, малына да,басына да ие болмайды.

  17. Артыңда орынбасарың табылсын.

  18. Әділдік жоқ жұртта береке-бірлік болмайды, байлықты өнермен, шаруамен, қызметпен іздемей, жұртты тонап, момынды жылатып іздеген мырзалар - қысты күні үңгірде жатып өз аяғын өзі сорған аю тәрізді.

  19. Әр замананың өз рәсімі, өз салты бар. Біздің замандағы салт: әркім құқына таласу, хұқына тартысу болады. Жылау салты артта қалды.

  20. Байлық басы көпке байлаулы емес - базарда ақша болатынға байлаулы.

  21. Байлық түбі хәм қол ұсталығы. Осы екеуі қосылмай, адам баласы қазынаға жарымайды.

  22. Байлықты өнермен, шаруамен, қызметпен іздер болар.

  23. Бәріміз бұл сұм дүниеге қонақ. Артыңда орынбасарың табылсын.

  24. Би ғаділ болмай, жұрт ісі ілгері баспайды.

  25. Би түзу, билік әділ болсын.

  26. Биді кім болса содан қорықпайтындай, біреудің бетінің қызылына немесе біреудің жақсы жағасына қарамайтындай жағдайға қою шарт.

  27. Біз қарап отырсақ қосақ арасында бос кетеміз. Қазақ жұрты болып бас қамын қылмасақ болатын емес. Есік алдынан дауыл, үй артынан жау келді. Алаштың баласы ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан соң, 200 жылда басыңа бір қиын іс келді. Ақсақал аға, азамат іні, отбасы араздықты, дауды қой, бірік, жұрт қызметіне кіріс! Алаштың басын қорғауға қам қыл.

  28. Бізде бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса,

  29. Бізде болыс көп сайлаған болмай, бөтен елден орыс жетелеп әкелген бұралқы болды

  30. Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық,саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады.

  31. Біздің іздегеніміз – Алаштың аты бәйгеден келгені. Тірі болсақ, алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар.

  32. Біздің кемшілігіміз - әркімге тарих арқалатқан жүкті белгілі жерге апармай, соңындағыларға тастап кететіндігі.

  33. Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса - башқұртша көріп мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып жалаңаш шыға келеді.

  34. Біздің қазақ ұлтының автономиясы жерге байлаулы автономия болмақ

  35. Біздің қазақ-қырғыз дін ісін көркейтетін болса - үкімет ісін бөліп қойған оң болады

  36. Білім - біліммен, мінез - мінезбен. Көп оқыса, зейінді болса - білімді болмақ, ал мінезі жақсы бола ма әлде жаман бола ма - мұны құдай біледі.

  37. Білім күн сияқты, көрінгеннің бәрін жарылқайды.

  38. Білімге жақсы да, жаман да жақ. Білім алмас қылыш.

  39. Білімнен мақсат шықпайды.

  40. Бір өнер қылған екі кісіге тар жер - екі өнер қылған екі кісіге кең болады

  41. Біреуге телмірген адамнан, халықтан қосақ түрткен жетім лақ бақытты.

  42. Бірліктен айырылған ел қаңғып қалады.

  43. Болғаннан – қашпа, болмағанға – саспа.

  44. Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана.

  45. Бөтен кісі қазаққа ешқандай жақсылық артып әкеліп бермейді.

  46. Бұл болып тұрған заман - Алаштың азаматына зор жүк.

  47. Бұл ғұмыр тойына шақырылған көптің бәрі бірдей өз өнеріне тиісті орын ала бермейді.

  48. Бұл заманда жылап мұратқа жетем деу - аш түйенің күйсеуі сыңды дәрменсіздік.

  49. Бұл заманда жылап мұратқа жетемін деу, аш түйенің күйсеуі болады.

  50. Бұл тіршілік үлкен талас, бір бәйге: жүйрік алады, щабан қалады. Жүйріктік ақыл, ұсталық жәһитшілікте. Еріншек езге жол бәйге, сыбаға, мүше жоқ.

  51. Бұл тіршілік үлкен талас, бір бәйге:жүйрік алады, шабан қалады.

  52. Газетаны оқып жұрт өзін – өзі көреді, өзін – өзі біледі.

  53. Ғұмыр бәйгесінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар !

  54. Ғұмыр өзгерілді. Ат ұрлаған адамды тышқандай өлтіретін орыс мұжығымен ауылдас болдық.

  55. Ғұсмания түркі тарихы бойынша біздің қазақтың Жетісудағы қаңлы деген руы ауа райы, жері келісті Еуропаға барып, мал бағуды қойып, өзге шаруаға айналып отыр.

  56. Дүние билігі күннен-күнге ақылды, ұста жұрт қолына ауып барады

  57. Дүниеде адам баласы айналып кетпес екі – ақ көпір бар: бірі – өлім, бірі – махаббат.

  58. Дүниеде не болса да бірте- бірте аздап ілгері басып болады.

  59. Дүниенің қорлығы - дүмшелердің зорлығы.

  60. Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын да алып жүре алмайды.

  61. Ер жігіттің белгісі - адасқанын мойнына алғаны.

  62. Еріншек езге жол бәйге, сыбаға мүше жоқ.

  63. Еуропа мәдениеттімін деп мақтанғанымен, мәдениеті өнерінде ғана, ал мінезі хайуандық сапарынан қайтқан жоқ.

  64. Еуропа патшалықтарының түзу деген құр аты болмаса, іс жүзінде - бір-біріне қасқыр. Тарих жүзінде Еуропа Азия жұртының бетіне Шыңғыс хан һәм Ақсақ Темір ісін басады. Осы екі патша қанша жәбір іс қылды деп. Бұлар өз уақытында заманына қарай іс қылғаны рас. Ал осы жиырмасыншы ғасырда Еуропа патшаларының қылған ісін кім ақтап ала алады? Бұлардың қайсысы қолынан келсе Шыңғыс хан һәм Темірлан болмайын дейді...

  65. Еуропада халық партия болғанда адаспас ақ жол табамыз деп, адам аспас асқар белден асамыз деп, жұрт ілгері басатын іс қыламыз деп таласады.

  66. Жалғыз жүріп өз басын қорғаса, кісі бәледен құтылады. Көппен жүріп өз басын қорғаймын десе, көпті құдыққа тығады. Көп мақсаты иін тіресіп, тізе қосып, бір жүрсе табылады.

  67. Жалпақ жұрттың көкірегінде жақсылық болмаса, жұрт жұрт болып тіршілік көрмек емес.

  68. Жанайқай: қазақтың оқыған азаматтары, қазаққа осындайда қызмет етпегенде қашан қызмет етіп пайдамызды тигіземіз?!

  69. Жантебіреніс: Азаттық таңы атты! Тілекке құдай жеткізді! Күні кеше құл едік - енді бүгін теңелдік!

  70. Жапонда кісі қажетіне жаратылмаған алақандай жер жоқ. Онда мұндай ыждаһатты жанкештілік болмаса аштан өлесің.

  71. Жер дауы - тәмам бес миллион қазақ дауы.

  72. Жер десе дірілдемей болмайды: жер мәселесі – өмір сүру мәселесінің зоры.

  73. Жүйріктік ақыл, ұсталық жәһитшілікте.

  74. Жұрт әділ болмай, жұрт ісі оңға баспайды.

  75. Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса, қазақ халқы оның соңынан ерер едік.

  76. Жұртқа әділ би пайдалы, көпке сүйенген, көп сөзін тындаған, билігін орнына жұмсайтын, арам жемейтін, іс білетін, ел мүддесін ашық қорғай алатын болыс пайдалы.

  77. Заң адам пайдасына жазылады, адам заң үшін тумайды ғой.

  78. Кадет партиясы жер адамға меншікті болып берілсе де, жөн дейді. Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса, башқұртша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып, жалаңаш шыға келеді.

  79. Кейінгіге ғибрат аларлық үлгі тастап кетіп, алғыс алармыз ба? Жоқ, далаға лағып, жөнсіз кетіп, қарғыс лағнет аламыз ба? Кеудесінде көзі бар адам көп ойланарлық жұмыс.

  80. Кім шебер болса, жалықпай, талмай ізденсе, бірігіп тізе қосып әдіс қылса, ғұмыр бәйгесі сонікі.

  81. Кісі өз басына тіленіп кішірейсе, кемісе – өз олжасы.

  82. Көзі соқырдан көңілі соқыр жаман.

  83. Көкіректе сайрап тұр, қолды заман байлап тұр.

  84. Көп оқыса, зейінді болса, білімді болмақ, мінезі жақсы, жаман бола ма, мұны құдай біледі.

  85. Крестьяндарды қазақ даласына үйіп-төгіп қоныстандыра берсе, тың жердің түгел жыртылары хақ. Ал қазақ даласы тыңынан айрылған соң, тұлдырсыз бедеу қалады да, егін өспейтін болады... Қазақ даласының тамаша шүйгін жайылымдарының топырағы көкке ұшқан соң, дала шөлге айналады, сөйтіп, крестьян айтақырға отырып қалады, ал жайылымнан айрылған қазақ әбден азып-тозып, ақыры жаңа тұрмыстың жағдайымен пролетариат қамытын киіп, тау-кен заводтарына, қалаға кетеді

  86. Қазақ–ау! Түзуің бірігіп жұрт үшін қам ойлайтын кез келген жоқ па ?!

  87. Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса, халықтық мақсат сонда орындалады.

  88. Қазақ сайлауы - жұртқа келген бір жұт: сайлау жылы мал бағусыз, егін салусыз, пішен шабусыз қалады.

  89. Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл – қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш - Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді – ау.

  90. Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмесін.

  91. Қазақтың буржуазиялық зиялылары мені «ұлт көсемі» деп атады.

  92. Қазақтың оқыған азаматтары, қазаққа осындайда қызмет етпегенде қашан қызмет етіп, пайдамызды тигіземіз?!

  93. Қазына газетаның сырты, жабуы,қалам, мақала – жаны.

  94. Қанша ұзын болдым десе де,адамның бой шарығы белгілі.

  95. Мен ешқашан Совет өкіметін сүйген емеспін, бірақ мойындадым.

  96. Мен қазақ халқын Совет билігіне қарсы күреске бастадым.

  97. Мұнан бұрын қазақ шежіресі қазақ тілінде кітап болып басылған жоқ. Шаһкәрімнің бұл кітабы қазақ шежіресінің тұңғышы, қазақ шежіресін білмек болған аға-іні іздегеніңді осы кітаптан табасың. Енді мұнан былай қазақ шежіресін жазбақ болған кісі Шаһкәрімнің кітабын әбден білмей қадам баспасын. кітап жиған жері жоқ, көшпелі далада жүріп Шаһкәрім шежіресіндей кітап жазбақ оңай жұмыс емес.

  98. ... Мінсіз құдай , секпілсіз жалғыз күн.

  99. Нағыз түрік затты халық тілі - біздің қазақта.

  100. Не жұмыс қылсақ, осы үш: ақыл, сөз, іс сана талқысынан өтпей жұмысқа айналмайды.

  101. Оқу – білім бір, оқу ұлғая білім болады.

  102. Өз күшіне, өз қуатына сенбеген адам да, халық та ғұмыр жүзінде бәйге алмайды.

  103. Өз тізгініңді өзің алып жүре алмай, шатақ – даудан шықпайтын бір ескі ауруың бар- ау қазағым! Қылығыңды көріп ішің күйеді.

  104. Өзін – өзі қасқырша шауып отырған жұртта оқу, шеберлік болмайды.

  105. Өзің түйеден өткен жетекшіл болсаң - саған ақыл не керек?!

  106. Өртте жүріп сабырлы болу – мақтауға сыймайды.

  107. ... Өтіріксіз, ұрлықсыз бұл сорлылардың арам жемі табылмайды.

  108. Сусағанның түсіне су кіреді.

  109. Талас дүние – ғұмыр сипаты, талас тартыс жоқ болса, ғұмыр абақты болар еді.

  110. Талас-тартыс жоқ болса - өмір абақтыға айналар еді.

  111. Тәрбие жолымен білімге шыныққан адам білгенін көріне ала кіреді.

  112. Тілші хабаршы – газета отыны.

  113. Тірі болсақ - алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар!

  114. Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын

  115. Тіршілік ғұмыр белгісі – алыс – тартыс, арбау, әдіс.

  116. Торғайдың ақ үрпек балапанынша ауызды ашып, біреуге жалынып жалпая берсе, мұнан түк өнбейді.

  117. Түбінде біздің қазақ тілі, бізбен тіл тұқымы бір, өзге мұсылманды байытпаса, бір – бірмізге қоңсы қонбаймыз ғой. Ғұмыр жүзінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар: Абай, Ахмет, Міржақып, Шәкәрім, Тарғыннан һәм өзгелерден бұл көрініп тұр ғой.

  118. Түзу қалам – қисайған, өткір қалам – мүжілген заман.

  119. Ұлттың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздеу керек.

  120. Ұлтына , жұртына қызмет ету- білімнен емес мінезден.

  121. Француз, орыс һәм өзге жұрттың тарихынан көрінеді: молда үкіметтей ақша алса - сатылып кетеді. Рухани іс аяқ асты болады. Жалақы алған молдалар үкіметке жетекшіл болып, еріп кетеді.

  122. Халық ісіне орнына салуға көп ақыл, көп қызмет, көп жылғы шебер істеген әдіс керек.

  123. Шыңғыс хан дүниені алды - артында түк белгі қалған жоқ. Ақсақ Темір дүниені алмаса да - артында Самарқанд, мешіт, медреседей белгі қалды. Шыңғыс - көшпелі, Ақсақ Темір - отырықшы.

 

bottom of page