

Өмірбаяны
Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 24 желтоқсан айында Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау мекенінде дүниеге келген.
Бауыржан жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін біраз уақыт мұғалім болған. Сонда жүргенде кезекті әскери міндетін өтеуге шақырылып, онда бір жарым жыл жүріп, запастағы командир атағын алады. Туған ауылына қайтып оралған соң, ол біраз жыл қаржы мекемесінде қызмет істейді. Содан қайтадан Қызыл Армия қатарына шақырылып, түрлі әскери бөлімдерде взвод, рота, командирі болады. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен, Бауыржан даңқты генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанады, батальон, полк командирі қызметтерін атқарады. Соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарады.
1941 жылғы күзгі, қысқы кескілескен шайқастар кезінде өз батальонын 27 рет шабуылға бастап шықты. 5 рет қоршауды бұзып, негізгі жауынгерлік құрамымен аман-есен дивизиясына қосылды. Жауынгерлік іс-қимылдарға қатысты ұрыстан шығу, шегініс жасау тәсілдерінің арнайы тарау болып әскери жарғыға енуі, тактикада «ошақты» және «икемді қорғаныс» ұғымдарының қалыптасуы Бауыржан Момышұлының осындай тәжірибелерінің жиынтығы болып табылады. Оның қолбасшы, терең ойлай білетін әскери мамаң ретіндегі таланты соғыста полк, дивизия басқарған жылдары кеңінен ашылды.
Бауыржан Момышұлы жау шептеріне ішкерлей еніп ұрыс жүргізу теориясын соғыс тәжірибесінде алғаш қолданушылардың және оны дамытушылардың бірі болды.
Бауыржан Момышұлы - әкери педагогика мен әскери психологияны байытушы баға жетпес мұра қалдырған дара тұлға. Оның атақ, даңқы, батырлығы А.Бектің «Волоколамск тас жолы» атты кітабында суреттелді. Кітап неміс, чех, еврей, ағылшын, француз тағы басқа шет ел тілдеріне аударылды.
Бауыржан Момышұлы 1950 жылы Кеңес Армиясы Бас штабының арнаулы Жоғары әскери академиясын бітіріп, әскери академияда дәріс оқумен бірге шығармашылық жұмыспен де шұғылданды. 1956 жылы демалысқа шығып, өмірінің соңына дейін шығармашылық қызметпен айналысты. Ол шығармаларын қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өмірінде көрген-білгендерін арқау етіп, қазақ әдебиетіндегі әскери проза жанрының негізін қалады. Жазушының өзекті тақырыбы – Ұлы Отан соғысы кезіндегі жауынгерлердің тұлғасын жан-жақты суреттеп сомдауға арналған. Осы шығармашылық мақсаттың айғағы ретінде жазушы қаламынан туған «Офицер жазбалары» (1962), «Артымызда Москва» (1963), «Генерал Панфилов» (1965), «Куба әскерлері» (1969), «Жонарқа» жинағы, Екі томдық шығармалар жинағы (1969), «Ұшқан ұя» кітабы үшін жазушы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (1976) атанды.
Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлының шығармалары бірнеше шет тілдеріне аударылды. Қазақстанда ауылдарға, көшелерге, республикалық әскери балалар мектебіне Бауыржан Момышұлы есімі берілген.
