

Ұрпақтар ұмытпайды
«Баукең жұлдызды болған күн –халықтың жұлдызы жанған күн»
Н.Назарбаев
Қазақ халқының даңқын айдай әлемге жайған асыл ұлдардың бірі – Совет Одағының Батыры, даңқты Бауыржан Момышұлы екені анық. Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді, Тарихтың тереңінен сөз келгенде!» – деп Баукең ұрпағына зор сенім артыпты. Ұрпақ ұлысын ұмытпайды
Қазақстанда батырдың атымен Алматы, Тараз, Атырау, Семей қалалары және Жамбыл облысындағы Асса селосындағы көшелерге батырдың аты берілген; Алматы, Тараз, Шымкент, және Алматы қаласындағы әскери мектеп интернаттарыда батырдың есімімен аталады. Шымкент қаласындағы Қазақстан Республикасының iшкi iстер министрлiгі ғимараты мен Астана қаласында Бауыржан Момшұлының ескерткіші орнатылған.
1992 жылы Жамбыл облысындағы Жуалы ауданының орталығы — Бурное ауылының атауы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Қаулысымен Бауыржан Момышұлы атындағы ауыл болып өзгертілген.
2008 жылы Бауыржан Момышұлы ескерткіші Астана қаласында ашылды.
2010 жылы Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында кеңес-герман соғысының қаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлына ескерткіш орнатылды. 2000 жылы Бауыржан Момышұлы ескерткіші - Тараз қаласының орталығында, Жамбыл облыстық қазақ драма театрының алдына қойылған. 2018 жылы басқа орынға ауыстырылған.
2025жылы Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Ақсу ауылындағы орталық саябақта Кеңес Одағының Батыры, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгердің ескеркіші ашылды.
Бауыржан Момышұлы туралы қызықты естеліктер
Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» атты кітабынан Бауыржан Момышұлы туралы қызықты естеліктерінен.
– Балашка шайың бар ма? - деген дауыс ойымды бөліп жіберді Атамның жақсы тынығып, сергек тұрғанын біле қойдым. Неге десеңіз, көңіл-күйі өте жақсы кезде мені «балашка» дейді, бір қалыпты болса «балам», ал ренжи бастаса «Зейнеп» тіпті ашуға мінгенде «турчанка» деп айқайлайды.
*** *** ***
Тура қақаған қыстың ортасында етігімнің сыдырмағы ажырап кетті. Әрі – бері шұқылап көріп едім, қолымнан келер емес. Амалсыздан күздік туфлиімді киіп, етігімді шеберханаға апардым. Жол-жөнекей талайлар аяғыма көз тастап өтіп жатыр. Пендешілікпен бір түрлі қорынғандай болып үйге жеткенше-ақ еңсем түсіңкіреп қалды. Есіктен кіргенде атам коридорда телефонның қасында тұр екен. Жіті көзбен бая-аяғымды бір шолып өтіп:
– Әй, балам, мынау қандай сән?- деді.
– Етігімнің сыдырмағы бұзылып… соны…
– А, сәнің бе десем, салақтығың екен ғой, жазда күн қайнап тұрғанда қыс хабар беріп: «тоны жоққа сәлем айт, етігі жоққа өзім барам» демеп пе еді?
Әлгіндегі көңілдің көлеңкелене қалған түйткілі лезде ғайып болып, ал кеп күлейін. Алайда атама тән осы екі ауыз қызық сөздің өзінде ақыл да, тәрбие де бар болатын.
*** *** ***
...Мезгіл түске таяп қалған. Газ плитасына шай қойылып, қайнағанша бүгінгі газеттерді қарап отыр едім, есік сынып кетердей тарсылдады. Үйде жалғыз отырған соң әрі әдеттегіден тыс мына тарсылдың өзгешелігі шошытып жіберді. Тапа-тал түс болса да есікке келіп:
– Бұл кім? – дедім.
– Мен! Атаңмын! Бар, киін! – деді күн күркірегендей үн есіктің сыртынан.
Алғашқы қорыққаным қорыққан ба, зәрем ұшты. «Бар, киін» деген сөздің байыбын бірден ұға алмай, үйде киіп жүретін халатымның түймесін бір салып, бір ағыттым. Киім салатын шкафқа жүгірдім. Сасқалақтап, киімдерімді жұлмалап, әлекке түстім де қалдым. Дегенмен өзіме-өзім «сабыр-сабырлап» үстіме жеңі ұзын көйлек, басыма орамал, аяғыма шұлық тауып кидім. Барып есік ашып, ата-бабамның салтымен иіліп сәлем салдым.
– Бақытты бол, балам! - деп қолын болар-болмас басыма тигізіп, бөлмеге кірді. Ата жалғыз емес, қасында бір кісі бар, өң-түсінің қандай екенін көргенім жоқ, бірден басымды көтеруге батылым жетпеді...»
«Қызықты деректер». Бауыржан Момышұлы
«Өмір жолы». Бауыржан Момышұлы