

Алғы сөз
Қазақ халқының әлемге әйгілі Қаһарман Перзенті, Кеңес Одағының батыры, гвардия подполковнигі, XX ғасырдың ең жарқын тұлғасы, белгілі жазушы, ұлы Отан соғысының даңқты жауынгері, халық қаһарманы, қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының туғанына биыл 115 жыл толып отыр.
Қазақ халқы үшін біртуар дара тұлға, ерлік пен елдіктің киесінде танылған даңқты қаһарман, батыр. Сұрапыл Ұлы Отан соғысы басталысымен 316-атқыштар дивизиясының жасақталуына белсене атсалысып, сол дивизия құрамында майданға аттанды. Қапияда ой тауып, қараңғыда жол тауып, ерен ерлігімен аты әлемге аңыз болып, батыр қолбасшы атанды. Бауыржан Момышұлы отаншылдығымен, ұлтжандылығымен, адамгершілік қасиеттерімен елеулі, ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігімен, тапқырлығымен және жеке басының ерен ерлігімен көзге түсіп, аты аңызға айналды. Табан ет, маңдай термен келген осы Ұлы Жеңіске қаруымен де, қаламымен де үлес қосқан өр тұлғалы азамат, қаһарман жазушыларымыздың бірі де, бірегейі - Бауыржан Момышұлының қаһармандық рухы ұрпақтан - ұрпаққа өнеге болары сөзсіз. Осыған орай назарларыңызға «Алаштың айбыны - Бауыржан Момышұлы» атты виртуалды көрмені ұсынамыз.
Көрменің мақсаты: майдангер қаламгердің халқына сіңірген еңбегі жайлы халыққа насихаттау, жастарды отансүйгіштікке баулу, Бауыржан Момышұлының тарихи ерлігін өскелең ұрпақ танып білу.
Виртуалды көрмеден Бауыржан Момышұлын зерттеуде өзіндік үлес қосып жүрген ғалымдардың, ақын-жазушылардың сонымен бірге Майдангер қаламгерді көпшілікке кеңінен насихаттау бағытында үлкен жұмыс жүргізіп жүрген жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу орталықтарының еңбектерімен таныса аласыздар.
Виртуалды кітап көрмесі 4 бөлімнен тұрады: «Өмір баян», «Бауыржан мұрасы», «Ұрпақтар ұмытпайды», «Бауыржан әлемі»
Көрмеде кітапхана қорындағы Б.Момышұлы жайында әдебиеттер, зерттеулер, арнаулар, фотосуреттер жинақталған, баспасөз беттерінде жарияланған мақалалар тізімі енгізілген және әлеуметтік желідегі ауқымды қамтылған барлық мәліметтердің сілтемелері жасалған. Бұл материалдар арқылы оқырманның аса құнды мәліметтер ала алатындығы даусыз.
Ғаламтор пайдаланушы қауымға жол тартып отырған виртуалды көрме Бауыржан Момышұлы туралы қызығушылық танытқан пайдаланушыларға қажетті ақпараттар іздеуде көмекші бола алады. Мұнда орналастырылған мәліметтер әрдайым жаңа деректермен толықтырылып отырады.