Күсенов Қабжан
1936 жылы Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Ұлытау округінде туған. Магнитогорскі таукен металлургия институтын 1967 жылы, Алматы Жоғары партия мектебін 1982 жылы бітірген. Инженер –технолог. Еңбек жолын 1954 жылы қазанның бірінші жұлдызында Қарсақбай мыс зауытында бастаған. Жезқазған байыту фабрикасының директорлығына дейін өсті. Фабриканы он жылдан астам басқарды. Қалалық кеңес атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары (1976-1977ж.ж), Жезқазған кен-металлургия комбинаты парткомының хатшысы (1977-1985ж.ж.) болды, ХІІ шақырылған Қаз.КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Жезқазған қаласының Құрметті азаматы.
Қарсақбай елді мекеніндегі №1 Жамбыл Жабаев атындағы мектепті тәмәмдап, Қарсақбай байыту фабрикасының табалдырығын аттайды. Кеңес Әскер қатарында Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, Магнитагорскінің кен-байыту институтына оқуға түсіп, жұмысын бұрынғысынша фабрикада жалғастыра берді. Бірте-бірте тәжірибе жинап, бригадирлік тізгінді қолына ұстады. «Еңбектене білгеннің еңсесі биік» деген, еңбекпен көзге түскен оны басшылар ауысым бастығына жоғарылатты. Қабжан Күсенұлы негізгі жұмысымен қатар Бас корпус партбюросының хатшысы қызметін қоса атқарды. Жезқазған қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы К.Салықов пен фабрика директоры И.Васильевичтің ұсынысымен фабрика парткомының хатшысы болды. Кейінгі жылдары Жезқазған қалалық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасарлығы, екінші – Жезқазған кен-металлургия комбинаты партия комитетінің хатшылығы қызметтерінде де болған. Туған үйіндей тартып тұратын Жезқазған байыту фабрикасына қайтадан оралып, директор болады. Фабрика директорлығынан кейін жаңадан отау көтерген «Қазақмыс» холдингінде вице-президент, «Жезқазғантүстіметалл» АҚ басқармасының кадрлар және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметтерінде жүргенде де өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарып, абырой-беделге кенелген. Адамдардың өзіне деген сенімі арқасында қызметінен қол үзбей, Жезқазған байыту фабрикасында директордың әлеуметтік мәселелері жөніндегі орынбасары болып, 2010 жылға дейін қызмет атқарып келді. Қабжан Күсенұлының сүйіп қосылған жары Роза Бекайдарқызы екеуі бар өмірлерінің мәні мен сәніне айналған Қарлығаш, Алма, Айгүл есімді ақыл мен көркіне сай үш қызын тәрбиелеп өсірді. Қазіргі таңда бес немересі, бір шөбересі өсіп келеді.
Әдебиеттер:
-
Күсенов Қ. Кен байыту- байлықтың қайнар бұлағы: Жезқазған кен байыту фабрикасы N1,N2 дир. Қ.Күсеновпен әңгіме / Әңгімелескен Б.Мырзабеков // Сарыарқа. - Жезқазған. - 2005. - 20 мамыр. - 4 б.
***
-
Күсенов Қабжан (1936) // Жезқазған: энциклопедиялық анықтама / бас ред. С.Ү. Қожамсейітов. - Алматы: Эверо, 2004. - 284-285 б.
***
-
Домбай Н. Адамдық айнасы // Мысты өңір. - 2006. - 11, 18, 25 тамыз, 1,8 қыркүйек.
-
Салықов К. Жезқазғандық байытушылардың басшысы // Мысты өңір. - 2006. - 8 қыркүйек. - 1 б
-
Чумакова З. Медная симфония Карсакпая // Индустриальная Караганда. - 2008. - 11 ноября (№140). - С. 6