Мерейтой кітаптары
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында мемлекет басшысы «Жаңа жаңғыру ең алдымен тарихи тәжірибе мен дәстүрімізге менсінбей қарау емес..... бұл халықтың өткенін, қазіргісін және болашақ көкжиегін жалғайтын платформа. Өз өлкеңнің тарихын білу және мақтан ету-қажетті және пайдалы іс» дейді.
Биыл, қазақ елі үшін үлкен тарихи айтулы жыл әлемге әйгілі, мәртебелі мәмлегер Қаздауысты Қазыбек Келдібекұлы бабамыздың 350 жылдық мерейтойы республика бойынша ел болып тойлануда. Баба тойына әр аймақта көптеген салтанатты іс-шаралар өткізілуде.
Мұратты мұрагерлері бар жерде Ұлы бабаның асыл мұрасы мәңгі өлмейді. Керсінше жаңғырып, жаңара түседі.
Біздің кітапхана қоры да Қазыбек би бабамыздың мерейтойына арналып, жарыққа шыққан жаңа кітаптармен толығуда. Бір қуантары кітапханамызға келіп табысталып жатқан баба рухын кең көлемде насихаттап, тарихтан сыр шертіп кітап шығарылып жатқандығы.
Ендеше мерейтойлық кітаптармен таныс болыңыздар.
Қаз дауысты Қазыбек би. Мақалалар жинағы. I том. – Алматы: «Mep – PRESS», 2017. – 475 б.
Бұл кітап авторлардың еңбектену, ізденудің нәтижесінде атақты бидің өмірдерегі жайлы бұрын белгісіз болып келген соны, тың, қызғылықты мәліметтерді оқырман назарына ұсынып отыр. Қазыбек би мұраларына қазақтың ауызша тарап келген байырғы әдеби тілі тән. Онда бұрынғы принцип-бағыттар негізге алынып, ең басты белгілері сақталған.
Сматаев С. Қаздауысты Қазуыбек би: роман. - Алматы: «Алманар», 2017. – 460 б.
Алаш азаматы, қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті жазушы Софы Сматаевтың авторлығымен шыққан бұл кітап ел тағдыры, адам өмірі талайдың сынына түскен шақта небір дау-дамай, талас-тартысты екі ауыз жүйелі сөзбен шешкен тарихи тұлға Қаз дауысты Қазыбек бабамыздың тарихи тұлғасын ашып көрсетуге арналған.
Шытырман оқиғалы шығарманың бейнелі көркем тілі өз оқырманын тез баурап алары сөзсіз.
Қыранның жетпес қиясын қызыл тілдің құдыретімен бағындырған, қазақ халқы үшін қорған болла жүріп қара қылды қақ жарған, әділдік пен шешендік өнердің хас шеберінің үлгісіне айналған Қазыбек би бабамыз.
Алматы қаласы «Алманар» баспасында жарыққа шыққан бұл кітап барша оқырман қауымға арналады.
Ұлттық руханият және Қаздауысты Қазыбек би мұрасы // мақалалар жинағы. – Қарағанды, 2017. – 245 б.
Жинақта Қаздауысты Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдық мерейтойына арналған «Ұлттық руханият және Қаздауысты Қазыбек би мұрасы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция материалдары топтастырылған. Жинақ аса ірі саяси тұлға, би, шешен, философ, мәмілегер, қазақ ұлтының тарихында өшпес із қалдырған Қаздауысты Қазыбек бидің мемлекет пен құқық тарихындағы орны, ұлт дүниетанымы мен руханиятын дамытуға қосқан үлесі, шешендік өнер мен тіл мәселелері туралы мағлұмат береді.
Аршабеков Т. Қаз дауысты Қазуыбек би және оның тарихи заманы /Т.Т.Аршабеков, М.Алпысбес. – Қарағанды: «TENGRI ltd», 2017. – 450 б.
Қаз дауысты Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдық мерейтойына арналған «Қаз дауысты Қазуыбек би және оның тарихи заманы» атты еңбекте дәстүрлі қоғам жан-жақты көрсетілген. Бұл еңбекте аса ірі саяси тұлға, би, шешен, философ, мәмілегер, қазақ ұлтының тарихында өшпес із қалдаырған Қаз дауысты Қазыбек бидің мемлекет пен құқық тарихындағы орны, ұлт дүниетанымы мен руханиятын дамытуға қосқан үлесі көрсетілген.
Аталмыш еңбек тарихшыларға, өлкетанушыларға, студенттерге және жалпы қауымға арналған.
Артықбаев Ж. Қаз дауысты Қазыбек би. II том. – Алматы: «Mep – PRESS», 2017. – 475 б.
Қазақ тарихында Қазыбек бидің орны ерек. Бабамыздың «Қаз» атағын алуы 1684 жылдан басталады деп жорамалдай аламыз. Түркі-мұңғыл көшпелілерінің қоғамдық өмірі демократиялық тәртіпке негізделгені белгілі. Ал, жаугершілік заманда қазақтың да қалмақтың да қалың ортасында мемлекет пен қоғам өмірінің маңызды деген мәселелерін бүкіл ел басшылары мен қарулы азаматтар қатысқан жиында шешілген. Осы ұлы нөпір жиын «қаз» деп аталса керек. Қаз дауысты Қазыбек бабамыздың есімі осы себеппен аталған екен.
Кітапта ұлы даладағы мемлекет және билік институттарының бірнеше мыңжылдық тарихына жазбаша және ауызша деректер негізінде терең шолу жасалған.
Кітап талғамы биік ұлт оқырманыны арналған.
Қазыбек би Келдібекұлы. – аңыз-әңгіме / құраст. Бәтима Бақриденқызы. – Алматы: - ЖК «Балауса», 2017. – 432 б.
Жазба шежірелерден, әдеби және ғылыми басылымдардан, аңыз-әңгімелерден жинап, құрастырған өлкетанушы, ақын Бәтима Бақриденқызының тарихи-әлеуметтік еңбегі өздері кемеңгер болып, еліне ерен еңбек етіп, халқының құрметіне лайық, тарих төріне өшпес орын алған тұлғалар жайында. Бүгінгі және болашақ жастарды ұлттық рухта, отаншыл болмыста тәрбиелеу мақсатында жарық көрген кітап барша оқырман қауымға арналған.
Ғасырлар даналығы – бабалар мұрасында. – Астана: Деловой Мир Астана, 2017. – 308 б.
«Ғасырлар даналығы – бабалар мұрасында» кітап-фотоальбомы қазақ халқының XVII-XVIII ғасырлардағы ұлы үш биінің бірі, көрнекті қоғам қайраткері, көреген саясаткер, дипломат, қазақ тарихындағы өшпес із қалдырған халқымыздың ұлы перзенті – Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдық мерейтойына арналған. Басылым түрлі-түсті суреттер және фотолармен безендірілген тұлғалық фотоальбом. Төрт тақырыптық бөлімге топтастырылып, 500-ден астам фотосуреттер қамтылған. Сонымен бірге Қазыбек бидің ата-тек шежіресі, туған, өскен ортасы, ел басына қаралы күн туған зұлмат кезеңдегі қайраткерлік еңбегі тарихи құжаттар негізінде жүйеленіп, бидің ел мен жердің бірлігі мен тұтастығы, болашағы жолында атқарған ерен еңбегі жайында мәліметтер енгізілген.
Кітап-фотоальбом көпшілік оқырман қауымға арналған. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халыққа жолдауында алға қойған мақсаттары тұрғысында еліміздің мәдени, рухани мұрасын насихаттауға фотоальбомның тигізер пайдасы зор.
Өлкетану әдебиеті бөлімінің басшысы
С.О. Телпекбаева