top of page

Қаздауысты қазыбек бидің туғанына–350жыл

Ойтолғау үрдісінің ерекшелігі

 

…Билердің ой машығының бір ерекшелігі – логикалық-ғылыми ойлау. Бұнда салыстыру мен талдау, жинақтау мен жалпылау операцияларымен қатар, біріншіден, екіншіден деп жүйелеп қою ыңғайлары қолданылады: «Біріншіден не жаман?», «Бірінші тілек тілеңіз» деп басталатын өлеңдер, жеті қасиет, үш жаман, үш жақсы, үш жұрт сияқты – үштұғырлы бірліктер, тағы басқа осындай логикалық ғылыми айналымдармен келіп түйісіп жатады. Ал, салыстыру – бірінші табиғат құбылыстарын айта келіп, орағытып, қоғамдық өмірге, нақты жағдайларға қарай бетбұрумен көркемделеді. Бұл – тұтас қазақ поэзиясында жиі қолданылатын шендестіру тәсілі. Сондықтан, бұндай жүйелі логикалық ойлау шешендік сөздер мен билер толғауларының құндылығын арттырып қана қоймайды, сөздерін дәлелдеу үшін де пайдаланылады. Тарихта қазақ даналарының сауаттылығы туралы айтыла бермейді. Мысалы, Төле би, Бұқар жырау сынды ірі тұлғалар медреселерде бірнеше жыл оқыған сауатты адамдар болғандығын ескерсек, олардың ғылыми ойлауға бейім болғандығын және оны арнайы қолданғандығын оңай түсіне аламыз.

Б.АТАШ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университетінің оқытушысы,

философия ғылымдарының докторы.

 

 

Ұлттық руханият

 

…Қазақ ақын-жырауларының дүниетанымы мен рухани ізденістері руханиятымыздың қалыптасуына ықпал еткен негіз болды деп санаймыз. Ақын-жыраулардың шығармаларында адам, қоғам, дін, дәстүр, әдеп мәселелері негізгі орын алды. Олардың рухани ізденістері халықтың салт-дәстүрі, дінімен, өмір салтымен тығыз байланысты болды. Сондықтан да олардың рухани ізденістерінде қазақ қоғамының рухани болмысының түйткілді мәселелері көтерілді.

Қазақ ақын-жыраулары дүниетанымының қалыптасуында халқымыздың мақал-мәтелдері, шешендік сөздері, ғақлиятты сөз саптаулары және көшпелі өмір салты мен имани ұстанымдары маңызды рөл атқарды. Қазақ даласының рухани өмірі ғасырлар бойы жинақталған халық даналығы мен рухани қазынасынан нәр алды. Далалық өмірдің өзіне тән ерекшеліктері де көп еді. Сондай ерекшеліктердің бірі – халық ауыз әдебиеті үлгілерін ұрпақтан-ұрпаққа сабақтастықпен жеткізу дәстүрі болатын. Ақын-жыраулар ұлттық құндылықтарды және имандылық қалыптарын жыр жолдарымен халықтың санасына және тарихи жадына сіңіре білді.

Б.БЕЙСЕНОВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті, философия

ғылымдарының докторы.

 

Әдебиеттегі Қазыбек би бейнесі

 

…Қаздауысты Қазыбек елін, халқын сүю қажеттілігін ардақтап, оны жеке әрекетімен де, ұрпаққа қалдырған даналық өсиетімен де дәлелдеп өткен. Сол замандағы жаугершілік Қазыбек бидің Жоңғария хандығына бітімгершілікке барған сапарларындағы алғыр ойын, ақылмандығын, білгірлігін – халқының мүддесі жолында жұмсағанын ерекшелейді. Халық жадында қалған кезекті мәмілегер елшілігі «Біз, қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз…» деп басталатын атақты сөзін айтатын сапары екі елдің дау-жанжалын бейбіт жолмен тындырып, бітімге келтіріп, екі елдің жер шебін белгілеуге жетелеген. Мұндай тарихи факторлар ел данышпанының әлеуметтік философиясындағы Отанына деген көрегенділік пен тапқырлығының жоғары деңгейі. Бізге жеткен ел мұрасына сүйенсек, бірде үш жүздің жақсылары бас қосып мәселеге тоқетерін айтатын адамды байланыстырады. Айтыс қызған шамада Қазыбек шешеннің мына сөздері халық есінде ерекше сақталған: «Аға төреші болмайды – алдында қаймығары жоқ, іні төреші болмайды – артында қайырылары жоқ. Айбар қылар алдында ағасы бар, қаймығарлық артында інісі бар, екі жағынан да қаупі зор, сол себепті билікті айтатын төбе билік ортаншы ұлға лайық!» депті.

К.ТӨЛЕУБАЕВА,

Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың доценті,

филология ғылымдарының кандидаты.

 

Қазыбек би мұрасы

 

…Жоңғар билеушісінің оны «Қаздауысты Қазыбек би» деп атауы – шешендік өнерінің жоғары бағаланғанын айғақтайды. Оның делдалдығымен Қазақ пен қалмақ хандықтарының қарулы қақтығыстары кезінде уақытша бітім жасалған. Төле және Әйтеке билермен бірлесе отырып, Тәуке ханның ықпалымен Қазақ хандығын нығайту, қазақ ру-тайпаларын, бауырлас қарақалпақ пен қырғыз тайпаларын біріктіру жолында еңбек еткен.

Қазыбек би бірыңғай орталықтандырылған қазақ мемлекетін құру және нығайту арқылы қазақ халқының тағдырында елеулі рөл атқарды. Үш жүздің басын қосудағы бастаушы ретінде тарихта қалды. Ұлы жүзден Төле би, Кіші жүзден Әйтеке бимен бірлесе отырып, дәстүрлі әдет-ғұрыптар, заңдар жинағы – «Жеті Жарғыны» жасауға белсенді ат салысқан. Бөтен елдің шабуылынан қорғану үшін бірлікке ұмтылған көшпенділердің қоғамдық-саяси қарым-қатынастарын анықтайтын бұл жинақ жеті бимен бірлесе жасалып, халықтың алдында беделдерінің өсуіне ықпал еткен.

Тәуке хан қайтыс болған соң, Қазақ хандығында билік үшін талас-тартыс күшейгенде, Қазыбек би хандарды береке-бірлікке шақыра отырып, көршілес Ресей империясымен бейбіт қарым-қатынас жасасуға ықпал еткен.

Т.ИСАБАЕВА

Ш.КЕҢЕСБАЕВА,

Семей қаласының Шәкәрім атындағы

мемлекеттік университетінің оқытушылары.

 

Саяси тұлға

 

…Қазыбек би бабамызды ірі саяси тұлға деуге толық негіздер бар. Ол – ел тұтастығы мен бірлігін негіздеуші идеолог, саяси ахуалды терең түсінген ойшыл стратег, қазақтың тұңғыш заңдарының негізін қалыптаушылардың бірі ретінде заңгер, саяси әділ шешімдер шығарушы би-көсем, ел арасына саяси бітім жасаушы дипломат, саяси түйткілді мәселелерді шешуде жедел ой қоса алатын саяси кеңесші. Қазыбектің саяси-құқықтық тұлғасын зерттеу өз аймағымызда қолға алынып келеді.

Қазыбек би – саяси қолбасшы. Жоңғарлардың басым кезінде, қонтайшыларынан жасқанбай, ешбір қауіптен қорықпай, еліне төнген қауіптің бетін қайтарар қаһар иесі тапқыр, алғыр, батыл қимылдар көрсеткен ержүрек адам.

Қазыбек би – саяси қайраткер-төреші. Билер кеңесі ханның қызметіндегі кейбір мәселелер бойынша таласқа түсіп, оны қайта қарауға құқылы болды. Дәстүр бойынша хандық билік мұрагерлік жолмен беріліп отырса да, мемлекеттік маңызды мәселелер билер кеңесінсіз шешілмеген.

А.БӘДЕЛ,

Қарағанды мемлекеттік медицина университеті,

саясаттану магистрі.

 

Рухани құндылық қырлары

…Дала өркениетінің дамуына айтулы үлес қосқан билер мұрасы – шын мәніндегі биік өнердің үлгісі. Қазіргі таңда билер мұрасының қандай ықпалы бар дегенге келсе, ұлттық салт-санамыздың тірегі болар ол құндылықтарды насихаттау өзіміз үшін, өзіміздің ұлт екенімізді көрсету үшін маңызды.

Қазыбек бидің артында кейінгі ұрпаққа жарық жұлдыздай жол көрсетіп, жөн-жоба сілтейтін көптеген өнегелі өсиет сөздер қалды. Олар ел жадында жатталып, қалауы бұзылмаған саф алтындай таза күйінде бүгінгі ұрпаққа жеткен. Күміскөмей кемеңгер бидің шешендік сөздері айтпақ ойының ұшқыр да тапқырлығымен, тап басатын көркем теңеулерінің дәлдігімен, тілінің өткір де айқындығымен ерекшеленеді. Оның тұжырымы терең толғаулары, суырып салма тақпақтап айтқан сөздері тыңдаушы ойында тез сақталатын нақылға толы мақал түрінде өрілген: «Тату болса – ағайын жақын, Адал болса – дос жақын», «Бірлігі кеткен ел жаман, егесіп өткен ер жаман», «Байлық – мұрат емес, жоқтық – ұят емес». Сондықтан, Қазыбек биден бізге жеткен мұра халық қазынасының алтын қорынан лайықты орын алған.

М.БИЖАНОВА,

Алматы технологиялық

университеті, Кәсіптік оқыту және қоғамдық ғылымдар

кафедрасының доценті,

философия

ғылымдарының кандидаты.

 

Ұлттың шешендіктің өнердегі орны

 

Қазақ қоғамында соғыс немесе, ортақ келісімге уағдаласу, мәмілеге келу болсын, сыртқы немесе ішкі саясатта болсын, жер қорғауда болсын, ең қажет қару – би-шешендердің тілі. Алайда, әйгілі биде, дарынды шешенде білгірлік-біліктілік, алғырлық-тапқырлық, қаһармандық-қайраткерлік, зиялылық-саясаткерлік тәрізді ұшан-теңіз табиғи рухани қасиет-қабілеттер көп, мол болса, онда мемлекет жеңіске жетіп, қиындықтан, құлдықтан құтылады. Мерей-мәртебесі, даму дәрежесі жоғары болады. Бұл ретте Қаздауысты Қазыбек бидің Қазақстанның саяси-құқықтық тарихында айрықша тұлға екендігін айтуға болады.

Өзінің жалпы тұлға болмысымен ғана емес, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан шешендік өнерді өз дәуірінде жарқырата танытқан, Қазақ шешендігін «от басы, ошақ қасы», жер дауы, жесір дауы, құн дауы сияқты тұрмыстық-әлеуметтік мәселелерден биіктетіп, халықаралық елшілік, дипломатиялық саясатта биік белеске көтерген – Қаздауысты Қазыбек бидің ұлттық шешендік өнердегі орны айрықша.

Ә.ШАДЫКЕНОВ,

«New York» тілдер

орталығының маманы,

филология магистрі.

 

Қазақ өміріндегі билік мәселесі…

 

Халық өз басына қатер төнген шақтарда, тағдыры таразы басына түскен алмағайып сәттерде бар күш-қайратын, әлін зобалаңға қарсы қойып, ақыл-парасатымен, білімімен, білегінің күшімен арашаға түсіп, сол жолда шыбын жанын шүберекке түйген елінің, ұлтының тәуелсіздігін, бостандығын қорғаған нар тұлғалы, алып азаматтардың ерлігін де, есімін де еш уақытта ұмытпаған. Қазақ өміріндегі билік мәселесі туралы сөз болғанда әділдіктеріне барша жұрт бас иген үш бидің аты айрықша аталады, олар: Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би. Олардың әрқайсы дараланып, ерекше дәріптеледі. Би деген құрметті атақты бірдей дәрежеде иеленуі, әрине, ең алдымен үшеуінің өзара сыйластығы, адамгершілігінің ықпал еткендігінде дау жоқ, сонымен бірге өз төңірегі, алдымен өз тұстастары, сонан соң айтқанына құлақ қоя білген халқының жүктеген сенімі еді. Олар ақыл-ой, адамгершілігі, қайрат-жігері мен қайсарлығы, қайран қалдыратын таудай биік тұлғасы, шеті-шегі жырақ мекен-тұрағы, салт-дәстүрі, өмір тәжірибесінен түйген тәлімді сөздерімен танылды.

А.САҒАТОВА,

Қарағанды мемлекеттік

техникалық университеті,

философия ғылымдарының кандидаты.

bottom of page