

Қасымның ізі қалған мекен
Қасым Аманжолов ауылы - Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы ауылдық округтердің бірі. Бұл ауылдық округ құрамына Ақбай-Қызылбай, Аққора, Белдеутас, Сарыобалы және Талды ауылдары кіреді. Округ орталығы - Талды ауылы.
Қазіргі Қасым Аманжолов атындағы селолық округ бұрынғы «Шатырағаш», «Фрунзе», «Совет», «Екпінді» колхоздарының негізінде құрылған. Ертеректе бұл колхоздар 9-шы, 13-ші, 7-ші ауыл деп аталған. 1927 жылы 9-шы ауылда ауылдық Кеңес құрылды, төрағасы болып Тоғанбеков Смағұл сайланды. Сол жылы ол Қопанұлы Елшібектен старшын мөрін алғанда 9-шы ауылда тізім бойынша 280 үй болған.13-ші ауылда ауылдық кеңес төрағасы болып Боранбаев Жұманбай сайланды. Бұл ауылда старшын тізімі бойынша 540 үй болыпты. Сол жылдары алғашқы мойынсерік құрыла бастайды. 9-шы ауыл бойынша Шатырағаш артелі, орталығы Мұқаш қыстауы, басшысы Анаев Қақамай. Талқара дөң артелі, Спатай қыстауында, басшысы Тәшібаев Жақан. 13-ші ауыл бойынша: Сушілік артелі, Айжан қыстауында, басшысы Боранбаев Жұманбай. Арқалық артелі, Мұздыбай қыстауында, басшысы Төлепбергенов Әбділдә. Бұл артель кейіннен парторг Ғазаров Шалабайдың ұсынысымен Фрунзе атындағы артель деп аталған.
1961 жылы жаңа жүйедегі шаруашылық Фрунзе атындағы совхоз құрылды. 1961 жылы Фрунзе атындағы совхоз құрылғанда, оның құрамында Томар, Бақты, Фрунзе колхоздары болды. Кейіннен совхозды қайтадан құрамдағанда, оған Совет колхозын қосып, Бақты мен Томар жеке совхоз болып кетті. Сонымен Фрунзе атындағы совхоздың құрамында Белдеутас, Ақбай - Қызылбай, Сарыобалы, Аққора елді мекендері болды.
Бүгінгі күні бұл совхоздың орнында 19 ірілі - ұсақты шаруа қожалықтары құрылып, жұмыс істеуде.
Бүгінде селолық округ территориясы 215 000 га жерді алып жатыр. Оның 5 500 га егістік жер. Халық саны 2003 жылға 2300 адам. Округте 1 орта, 3 негізгі және 1 бастауыш мектептер, өнер мектебі және 4 ФАП, 1 СВА , 3 клуб, 4 кітапхана халыққа қызмет көрсетеді.
Округ орталығынан аудан, облыс орталықтарына дейін асфальт жол, ал Сарыобалы, Ақбай - Қызылбай, Аққора елді мекендеріне дейін тас жол төселінген.
Округ орталығы Талды ауылында жаңадан салынған үлкен мешіт бар. Халыққа тұрмыстық қызмет көрсететін (шаштараз, тігін цехы, етікші )цехтары және тойхана жұмыс жасап тұр.

Талды ауылының № 19 жалпы білім беретін
тірек мектебі (ресурстық орталық)» КММ тарихы

Талды ауылының мектебі 1955-жылдан бастау алады. Колхоздарды біріктіру кезінде машина-трактор станциясының орталығы негізінде МТС салынып, жергілікті халықтар осы жерге шоғырлана бастайды. Елді мекен Новостройка деп аталады. Тың игеруге келген Ресей, Украина, Белорусия, Молдавия т.б. мемлекеттерден келген халықтардың біразы осы Новостройка елді мекеніне орналасады. Ауыл балаларының сауатын ашу мақсатында орыс тілінде оқытатын бастауыш мектеп ашылады. Мектептің меңгерушісі әрі мұғалімі болып Миних Зинаида Семеновна тағайындалады. 1961 жылы колхоздар біріктіріліп совхоздардың құрылуына байланысты Фрунзе совхозы құрылады. Оқушы балалардың санының артуына байланысты 1967 жылы жаңа бір қабатты сегіз жылдық мектеп салынып, директоры болып Мергенбеков Мұстақым Темірғалиұлы тағайындалады. Совхоз әлеуметтік-экономикалық жағынан дамып, халық санының артуына байланысты 1974 жылы мектептің жанынан тағы жаңа бір қабатты ғимарат салынады. Онда оқу кабинеттерімен бірге (биология, физика) спорт зал, шеберхана ашылады. Директоры болып Мақшаев Жайсаң Мақшайұлы тағайындалады. 1976 жылы орта білім туралы аттестат табыстап, алғаш рет түлектерін ұшырды. Оқу-тәрбие үдерісін жақсарту мақсатында мектепке жоғары білімді кәсіби мамандар келіп, әр жылдары толықтырылып отырды.
1989 жылы заман талабына сай, жаңа типті, үш қабатты, 464 оқушыға арналған мектеп пайдалануға берілді. Мектепте Тарихи-өлкетану музей жұмыс жасайды.
Мектеп басшылары:
-
1979-1982 жылдары Тәңірбергенов Бақыт Тәңірбергенұлы
-
1982-1990 жылдары Мақсұтов Құдайберген Мақсұтұлы
-
1990-2002 жылдары Ахметов Серік Ахметұлы
-
2001-2008 жылдары Қашқымбеков Нұрлан Еркінұлы
-
2008 жылдан бастап Оспанқұлов Мақсат Зейнелұлы мектеп директоры болып қызмет атқарды.
Бүгінгі таңда мектеп түлектері еліміздің дамуына өз үлестерін қосып жүрген азаматтар.
Мектеп мақтаныштары:
-
Кадирберлина Гульпан Мусралиновна - химия ғылымдарының кандидаты.
-
Зейнуллин Талғат Маратұлы- экономика ғылымдарының кандидаты.
-
Омарова Гүлден Серікқызы – білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы PhD
-
Ыбрайхан Марат Ыбрайханұлы - білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы PhD
Алтын медаль иегері:
-
Спабекова Бибігүл Ахметжанқызы – 1991 жылғы түлек
-
Күміс медаль иегерлері:
-
Ақбергенова Саягүл Қазбекқызы – 1992 жылғы түлек
-
Тоғамбекова Сәулеш Сәбитқызы – 1993 жылғы түлек
-
Төлендина Қымбат Қосманқызы – 1993 жылғы түлек
Алтын белгі иегерлері:
-
Сәдуақас Айгерім Сайранқызы - 2010 жылғы түлек
-
Мұқан Ақжарқын Серікқызы - 2011 жылғы түлек
-
Төлеужан Аяна Дәуренқызы - 2018 жылғы түлек
-
Нұрланқызы Айзада - 2022 жылғы түлек
-
Сәдуақас Жаннұр Сайранқызы – 2023 жылғы түлек
