top of page
Деревянные книжные полки
Якорь 1
Аманжолов Қасым Рақымжанұлы

Қасым Аманжолов 1911 жылы 10 қазанда қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Қызыларай қыстауында дүниеге келген. Әке-шешеден жастай жетім қалған, ол біраз жыл ағасының қолында өседі.

Алғашында жаңадан ашылған ауыл мектебінде оқып, сауатын ашады. Кейін, 1924 жылы, ағасы Қасымды Семей қаласындағы интернатқа орналастырады. Қасым онда 1927 жылға дейін тәрбиеленеді. Одан әрі қарай үш жыл Семей мал дәрігерлік техникумында оқиды. Алғашқы өлеңдерін де осы кезде жазады. 1930 жылы Алматыға келіп, біраз уақыт «Лениншіл жас» газетінде істейді. 1931 жылы Ленинградтағы орман шаруашылығы институтына түсіп оқиды. Бірақ, денсаулығына байланысты және түскен оқуын да онша ұната қоймағандықтан, бірер жылдан кейін елге оралып, Орал қаласында «Екпінді құрылыс» газетіне қызметке орналасады.

1933 жылы міндетті әскер қатарына алынып, оны сол Орал қаласында өтейді.

Алғашқы өлеңдерін Қ. Аманжолов Семейде жазған. Олар қабырға газетіне ғана басылып жүрген. Кейін ол дәптері жоғалып кеткен. Сондықтан 1930 жылдарға дейін жазған өлеңдері сақталмаған. 1930 жылы жазған өлеңдері өзі қызмет істеп жүрген «Лениншіл жас», «Қызыл әскер» және «Пионер» газеттерінде жарияланған.

Қ. Аманжоловтың ақын, азамат болып қалыптасуына Орал қаласы үлкен әсер етті. Осы қалада ол ең алғашқы махаббат, жастық жырларын жазды. 1935 жылы әскер қызметінен босасымен Қасым Оралдың театр труппасын ұйымдастырып, өзі көркем басқарушысы болады. Бұл труппа тез өсіп, аз уақыт ішінде театр болып құрылды. Мұндағы ақынның еңбегі өте зор еді. Осы кездері Қ.Аманжоловтың ақындық, әншілік, артистік таланты жұртшылыққа танылды.

1936-1941 жылдары Қ. Аманжолов Алматыға барып, «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерінде, Жазушылар Одағында қызмет істейді. Бұл кездері ол өлеңмен қатар әр түрлі тақырыпқа мақала, очерк, фельетон жазады. 1938 жылы тұңғыш өлеңдер жинағы «Өмір сыры» деген атпен жарық көреді.

Қасым қалың жұртшылыққа өзінің ақындығы, аудармасымен ғана емес, сонымен қоса әнімен, домбра, сырнай, скрипка, пианино тартатын әдемі өнерімен де танылған. Ол өз өлеңіне ән шығарған. 1940 жылы Қасым Маяковскийдің он шақты өлеңін аударып 1941 жылы «Бар дауыспен» деген атпен жеке жинақ етіп жариялады.

Ақын 1941 жылы армия қатарына шақырылады. 1941-1943 жылдары Қиыр Шығыста болған Қасым 1943 жылы батыстағы майданға ауыстырылады, содан соғыс аяқталғанға дейін болады. Намыскер, өр, қайсар Қасым жауынгерлік міндетін жан аямай атқарады, абыройлы болады. Соғыс майданында жүріп Қасым көптеген лирикалы өлең жазған. «Үстімде сұр шинелім», «Мартбек», «Жеңіс дауысы», «Орал», «Ертіс», «Сибирь», «Сарыарқа» т.б. өлеңдерін жазған. 1943 жылы майданында жаудың қоршауында қалып қойып, ерлікпен қаза тапқан Қасымның жақын досы, жас ақын Абдолла Жұмағалиев туралы  «Ақын өлімі туралы аңыз» атты поэма жазды.

Соғыстан кейін Қасымның «Дауыл», «Балбөбек», «Нұрлы дүние» жинақтары «Таңдамалы шығармалар» жинағы басылып шықты.

1954 жылы қыркүйек-қазан айларында Қ. Аманжолов Қазақстан Жазушыларының ІІІ сьезінің ашылуына қатынасты. Осы жылдың желтоқсан айынан бастап сырқаты мендей түсті. 1955 жылы 18 қаңтарда Қасым мәңгілікке көз жұмды.

А.Пушкинді, М. Лермонтовты, А. Твардовскийді т.б. аударады. Оның шығармалары орыс және басқа да халықтардың тілдеріне аударылған. Ақынның өлеңдерін қазақшадан орыс тіліне Дмитрий Снегин, Борис Слуцкий, Илья Сельвинский және басқалары аударған.

1955 жылы Өмірден ерте кеткенімен, Қасымның мәңгі жасайтын асыл жырлары қалды. Бұл күнде халықтың сүйікті ақыны Қ. Аманжоловтың жарқын бейнесі ел жүрегінде. Ақынның есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында елімізде бірнеше нысандарға оның аты берілген.

Алматы қаласының Медеу ауданында Қасым Аманжолов атындағы көше бар. Бұл атау 1962 жылы 26 желтоқсанда берілген. Батыстан шығысқа қарай Саттаров көшесінен басталып, Алматының шығыс шекарасына қарай созылып жатыр. Бұрынғы атауы - Школьная көшесі. Көшенің ұзындығы - 1200 метр.

23.jpeg

Сонымен бірге Қарағанды қаласында да Қасым Аманжолов атындағы көше орналасқан.  Қарқаралы ауданындағы бұрынғы Фрунзе совхозына Қасым Аманжолов есімі берілді. Бұл ауылда  1991 жылы 5 шілдеде Қасымның жас кезіндегі бейнесі кескінделген ескерткіш орнатылған, авторы жергілікті мүсінші Тоқтар Ермеков.

Аққора ауылында 1987 жылы ауыл тұрғындары өз қаражаттарына Алматы қаласына тапсырыс беріп жасатқан ақынның ескерткіші бар. Ол ауыл мектебінің ауласына қойылған.

30.jpeg
WhatsApp Image 2022-09-20 at 14.31.00.jpeg
00:00 / 01:31

Бұл ауылда Қасымның әжесі қазғызған, тереңдігі шамамен 5 метрдей бала Қасым су ішкен құдық бар. Құдық ауыл тұрғындарының арқасында қалыпқа келтірілген, қоршалған. Ескерткіш қойылған. Онда ақын Ұлықбек Есдәулеттің Қасым Аманжоловтың 100 жылдық мерейтойы аясында өткен республикалық жыр додасында Бас бәйгені алған «Қасымның құдығы» толғауынан үзінді жазылған.

«Жатқандай бірін-бірі жаңа біліп,

Тұңғиық ғарыш пенен қара құдық...

Қасым ақын тылсымын ұғам десең, жолаушым, мойыныңды қара бұрып!»

Памятник Касым.jpg

2011 жылы Қарағанды қаласында ақынның 100 жылдық мерейтойы аясында Қасым Аманжоловқа арналған ескерткіш ашылды. Бұл ескерткіштің биіктігі тұғыртасымен бірге 8 метрге жетеді, ал мүсіннің өзі қоладан құйылған және ақынды қолына кітап ұстаған күйінде бейнелейді. Ескерткіштің айналасы тегіс абаттандырылып, тұтас бір аллеяға айналған, гүлзарлар, аспалы шамдар, көкпеңбек көгал, ыңғайлы орындықтар қойылған. Бір сөзбен айтқанда, келген адамға тыныстап, демалу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Ескерткіштің авторы, қарағандылық мүсінші, Ленин комсомолының лауреаты Жеңіс Молдабаев. 

Қасымға қойылған ескерткіштің ашылу салтанатында аймақ көлемінде алғашқы ұйымдастырылған «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ...» атты Қасым Аманжолов оқулары республикалық деңгейде дәстүрлі түрде өтіп келеді.

Қасым-кітап-656x1024.jpg

2011 жылы «Қасым» республикалық әдеби-қоғамдық журналы шықты.

Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильмдер түсіріліп, кітаптар жарық көруде. Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы Қасым туралы деректі фильм түсірген. Фильмде Қ. Аманжолов өмір сүрген, оқыған, жұмыс істеген орындардың бәрі қамтылған. Яғни Санкт-Петерборда, Оралда, Семейде және ақынның туған жері Қарқаралы ауданында түсірлген.

Қасым Аманжоловтың құрметіне Қазақстанның бірнеше қаласында мектептерге оның есімі берілген. Алматы қаласындағы №58 мектеп-гимназиясы,  Түркістан облысы, Шардарада, Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданы, Переметный ауылында, Қарағанды ​​облысы, Абай ауданында ақынның есімімен аталатын мектептер және Қарағанды қаласында Қасым Аманжолов атындағы балалар музыка мектебі бар.

Қасым Аманжоловтың құрметіне Қарағанды қаласында 2021 жылы 14 желтоқсан күні «Қасым үйі» атты мұражай-үй ашылған. Бұл мұражайда ақынның сирек кездесетін қолжазбалары, кітаптары, жеке заттары мен фотосуреттері қойылған. Сонымен қатар, ғимаратта облыстық жазушылар мен журналистер одағының филиалдары, «Қасым» журналының редакциясы және өңірлік коммуникациялар қызметі орналасқан.

Қасым Аманжолов  шығармаларын ұлықтап, бұқара халыққа насихаттау мақсатында 2012 жылдан «Қасымның әндері-ай» атты бұл ән кеші ұйымдастырылып келеді. Ақынның өз әндері мен өлеңдеріне жазылған музыкалық шығармалардың концертінің бастамашысы белгілі әнші, продюсер Гүлбаршын Тергеубекова.

2021 жылы ақынның 110 жылдығына орай Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Н. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Қасым көшесінде…» атты акция және 2024 жылы қазан айында Қарағанды жоғары оқу орындары студенттерінің арасында дауылпаз ақынның шығармашылығына арналған «Шықшы тауға, қарашы кең далаңа...» атты өлкетанулық экспедиция ұйымдастырылды. Өлкетанулық экспедиция Қарағанды – Қарқаралы - Қасым ауылы – Аққора, Сарыобалы – Қарқаралы туристік бағыты бойынша іске асты. 

Қасымтану бойынша әдебиеттер тізімі

Азбанбаев М. Ей, Қасым, адасуға қақың бар ма? // Таң-Шолпан. - 2024. - № 3. - 173-179 б.

Амантай Д. Ұлттық рухтың жаршысы // Қасым. - 2021. - № 1. - 29-32 б.

Асанов Қ. Қасым поэзиясындағы түркілік сарын // Қасым. - 2013. - № 2. - 41-44 б.

Ахметжанова А. Қасым деген қалғыған жанартау ғой... /ауд. К. Ахметов // Қасым. - 2017. - № 5. - 75-78 б.

Ашықбаев Е. Қасым іздеген, Дариға, сол қыз... // Қазақ әдебиеті. - 2015. - 4-10 қыркүйек (№ 34). - 1, 7 б.

Әбілова А. Көркем мәтіндегі ақпар түрлері және интертекстуалдылық // Қасым. - 2012. - № 2. - 44-52 б.

Әймен И. Ақындықтың белгісі немесе анық ақын - кім? // Жұлдыз. - 2014. - № 2. - 182-200 б.

Әлиман Ж. Бір нәзік сәуледен басталған... // Егемен Қазақстан. - 2023. - 13 қыркүйек (№ 174). - 12 б.

Әлиман Ж. Табриз, Баку аспанында... // Қасым. - 2018. - № 1. - 49-52 б.

Бірлікұлы Қ. Абдолла ақынның ажалмен арпалысы // Егемен Қазақстан. - 2025. - 13 ақпан (№ 29). - 12 б.

Жанбота Ж. Қасым өмірі мен шығармашылығындағы ақтаңдақтар // Қасым. - 2022. - № 2. - 39-48 б.

Жәлел О. Абай және Қасым поэзиясындағы махаббат мәселесі // Қасым. - 2013. - № 3. - 19-23 б.

Жұмағұл С. «Қазақ деген - мен деймін...» // Қасым. - 2013. - № 5. - 19-26 б.

Қазанбаева А. Қасым мен Мұқағали лирикасындағы үндестік // Қасым. - 2012. - № 4. - 58-62 б.

Қалиев Б. А. Қасым өлеңдері ұйқасының лингвистикалық сипаты // Қасым. - 2015. - № 6. - 61-66 б.

Қашқынов Ж. Байрон-Лермонтов-Қасым: «Жаралы жаным менің»// Қасым. - 2014. - № 1. - 23-30 б.

Қуанар Ө. Қасым поэзиясындағы ұлттық рух // Қасым. - 2019. - № 1. - 71-78 б.

Қуатбек Е. Қазақтың Қасымы // Арқа ақшамы. - 2015. - 12 ақпан (№ 6). - 5 б.

Құмарова Г. Қасым дастандарының даралығы // Қасым. - 2018. - № 3. - 73-87 б.

Құтжанұлы Ә. Қасым сөзі - халықтың жүрегінде // Қасым. - 2013. - № 1. - 134-136 б.

Құтжанұлы Ә. Сезімге көмкерілген сағыныш сазы // Орталық Қазақстан. - 2013. - 2 наурыз (№ 33/34). - 8 б.

Мажитова Ш. Қасым шығармаларындағы тірек концептілер жүйесі // Қасым. - 2017. - № 1. - 25-28 б.

Мұқан А. Дауылпаз ақын драматургиясы // Жұлдыз. - 2013. - № 12. - 130-134 б.

Мұқан А. Қасым Аманжолов - драматург // Қасым. - 2013. - № 1. - 56-63 б.

Мұхамедин Ғ. «Өзім туралы әннің» негізгі нұсқасы // Қасым. - 2012. - № 3. - 135-140 б.

Нүсіп А. «Сөз салмақтауға уақыт жоқ» немесе «Жауды көрсе қуанған...»// Қазақ әдебиеті. - 2014. - 9-15 мамыр (№ 19). - 1, 4 б.

Нысаналин А. С. Үйлесу мен Үндесу // Мәдениет. - 2022. - № 7. - 24-26 б.

Перімбетов Т. Ақын шығармашылығындағы сөзжасам мәселелері // Қасым. - 2013. - № 3. - 147-156 б.

Рамазанова Ж. Қасым поэзиясындағы баллада жанры // Қасым. - 2016. - № 2. - 81-85 б.

Рүстемова Ж. Қасымның балаларға арналған өлеңдеріндегі дәстүр жалғастығы // Қасым. - 2012. - № 3. - 100-108 б.

Сағынтай С. Қасымның ғасыры // Қасым. - 2016. - № 4. - 79-84 б.

Смағұлов Ж. Қасым және 1940-50 жылдарғы әдеби сын / Ж. Смағұлов, С. Такиров // Қасым. - 2012. - № 1.

Теменов Т. Жеңісті әнмен жақындатқан // Қазақ әдебиеті. - 2025. - 28 ақпан (№ 8). - 18 б.

Тобаяқов Б. Дауылдай өртке тиген... // Қасым. - 2017. - № 3. - 35-44 б.

Тұрысбек Р. Барым да, бақытым да осы өлеңім...  // Қасым. - 2022. - № 1. - 55-64 б.

Тілешов Е. Аманжоловтың ақындық миссиясы // Қасым. - 2017. - № 4. - 115-122 б.

Тілешов, Е.  Қасымның ақындық миссиясы // Қасым. - 2021. - № 4. - 59-66 б.

Хамзин М. Қасым ақын және ел тәуелсіздігі // Қасым. - 2012. - № 6. - 92-97 б.

Шалқар Ж. Қайда екен қайда, дариға, сол қыз... // Таң-Шолпан. - 2021. - № 3. - 113-118 б.

Шыныбектегі Қ. Құпия жыр немесе тағы да Қасым әнінің кереметі туралы // Орталық Қазақстан. - 2012. - 29 желт. (№ 221/222). - 6 б.

Якорь 2
Screenshot 2025-06-02 at 10-30-32 53bcc4b9cef445e18fa94b4a2e554741.jpg

Сирек фотосуреттер мен мұрағаттық құжаттар

  • Instagram
  • Facebook
  • TikTok
  • Youtube

© 2025, Қарағанды ОӘҒК

bottom of page