Кәріпұлы Ө. Серілер мен перілер: Повестер мен әңгімелер. - Астана: Фолиант, 2004. – 384 б.
Ө.Кәріпұлының «Серілер мен перілер» кітабына алты повесть, сегіз әңгіме енген. Кітаптың беташары «Саятшы» повесімен басталады. Осы уақыт аясында әйгілі Сәкеннің кім екендігі мағлұмат түрінде, деректік жағынан таныстырылып келді. Анығында рухы биік тәкаппар, асқақ ақынның ұшқан шеңберімен шектелгені мәлім. Ел арасындағы көненің көздері айтатын «Сейфолла саятшы» турасындағы аңыздың желісіне құрылған көркем туынды. Саятшылықты ғұмырына серік еткен Сейфолланың бесіктен белі шықпастан ата-анасынан айырылуы, ерте есейіп ел назарына күйшілік-әншілік және саятшылықпен ілігуі, Жамалдай сұлуды құтты шаңыраққа қондыруы мен ұрпақ өрбітуі бірден жүйелілікті танытады.
Кітап «Қоңыр сарын», «Қыз қайырған» повестері арқылы жалғасады. «Қоңыр сарын» повесінде күйші Әбікен Хасеновтің тағдырымен бірге егіліп, қамшының сабындай қысқа ғұмырын «қоңыр» сазына түсірген тебіреніске терең сезіммен деміңді ішіне тартып, соңында күрсініспен тыныстайсың.
«Бөзкөл аңызы». Жадыраның басындағы тағдыр-талайы бүгінгі жастардың өмірінде де кездесетіндігі анық. Армандарына жете алмай кеткен Құлпынай мен Бәдір, өзінен бірнеше жас үлкен талантты ағасына ғашық болған Жадыраның бастан өткендері тартымды баяндалады.
Шығармалар жинағындағы сегіз әңгіменің сыры мен жыры да повестермен үндесіп, заман зарын, адам баласының, жазықсыздан жапа шеккен жан жарасын әр қырынан жеткізеді. Суреткердің көркем бейнелерінің бояуы шеберлікпен сырланып, сюжет жасауы барынша жұмырланған.
Серіліктің өткені мен бүгінін салыстыра оқырман қауымға ой тастап, «қырандар аман жүрсін!» дегенді түйіндейді. Қаламгерлік шеберлігімен туған жер, ел тағдырын, өмір өткелдерін көркемдік шеберлікпен шежіреше таратып келе жатқан өнер өкілінің өз мәнері, көпке жағымды әуені барлығы мойындалған.
(Б.Рақымов Орталық Қазақстан. - 2005. - 7 шілде)
Кітап Қазақстан Республикасы Ақпарат министрлігінің бағдарламасы бойынша Астанадағы «Фолиант» баспасынан мың дана тиражбен шыққан.