Кәріпұлы Ө. Тұғыр: ұлттық тәрбие сабағы. - Астана: Елорда Жастары, 2011. - 400 б.
Бұл жазба ғылыми еңбекке жатпайды. Педагогикалық оқулық деп те оқырманды дәмелендіре алмаймын. Этнографиялық толғамға да келе қоймайды. Жаратылыстану, жантану ілімінің иіріміне бойлап, пәлсапалық тұжырымдарға жүгінуді мақсат етпедім. Есесіне халық педагогикасының аясындағы тәлім-тәрбиеге орайластырып сабақ жүргізуді бағдарға алдым. Сабактың дәйектілігі тәлімгердің білік-біліміне байланысты. Осы еңбекті жазу барысында халық даналығына, бабаларымыздың сандаған ғасыр бойындағы өмір сүру тәжірибесіне, наным-сеніміне, дәстүр-салтына, дүниеге деген көзқарасына, шамам жеткенше, барлау жасадым.
Жазбаны құрғақ ойға, қасаң пайымдауға толтырып жіберу - еңбектің танымдылығына нұқсан келтіруі мүмкін. Сол себептен де шығарманы қарабайыр жазып, ойға еркіндік беруге тырыстым.... (Ө.Кәріпұлы)
Өмір Кәріпұлының бұл жазбасы қаламгерлік ізденісі мен ұстаздық тәжірибесінің нәтижесі есепті. Бұл еңбектің мазмұны қою, тақырып аясы кең. Қаламгер халықтық педагогикаға сүйене отырып, ұлтгық тәрбие дәрісін жүргізген. Халқымыздың дархандығы, мінезінің кесектігі, Атамекенге деген махаббаты, шежірелік аңыздары, мұсылмандық ұстанымға бекемдігі, табиғатқа адалдығы шығармада мол қамтылған. Кітап жалпы қауымға, ұстаздар мен шәкірттерге, туған халқының тілі мен дініне, дәстүріне қамқоршы ұлтжанды жастарға арналған.
Кітап Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің «Әлеуметтік маңызды әдебиет түрлерін шығару» бағдарламасы бойынша Астанадағы «Елорда Жастары» баспасынан екі мың дана тиражбен шыққан.