top of page

Кәріпұлы Ө. Тамызық: Әңгімелер. - Алматы: Құс жолы, 2008. - 352 б.

IMG.bmp

   Кітапты парақтай отырып, көңілі алаң, ішкі дүниесі әлем-тапырық ақсақалдың мойымас рухын, мұқалмас жігерін мойындайсың.

  Өмір Кәріпұлының «Тамызық» кітабы төрт бөлім: «әңгімелер», «мысал әңгімелер», «шымшымалар» және «нақылдар, ой орамдары» құрайды.

  Бірінші бөлімде топтастырылған он жеті әңгімесінің қай-қайсын алып оқысаңыз да, алдыңыздан ауылдың майда самалы ескендей болып, жаныңызды жадыратар сезім толқынымен қауышасыз. Қып-қысқа, шып-шымыр, дәмді әңгімені араны ашылған рухани қажеттілік екі-ақ қарпып асайды. Жұғыныңа жұқ болмағандай сезімде қаласың. Тек таңдайда дәмі, бойда тағы бірнәрсе қалады: бір атым насыбайдың еліткеніндей, бір аяқ қымыздың желігіндей...

    Мысал әңгімелер де адамды жалықтырмайды. Шолтаң етіп тез бітіп қалғанымен, ойға ұзақ шомдыратынын қайтерсіз?!

Қаламынан басқа сенері қалмаған қарт жазушы айналасына мысқылмен, сынмен қарайды. Қоғамдағы көзге сүйелдей болған кем-кетікті ғана емес, тасадағы тығылып жатқан, бұта арасында бұғып жатқан жаманат атаулыға қаламынан улы сия бүркеді.    Бейне бір қоғамының бітеу жарасының аузын тырнап ашып, өзегін жұлып алғысы келетіндей.

   Кітаптағы соңғы бөлім - ой, нақылдардан оқырманның алар олжасы аз болмас деп ойлаймыз. «Қаламмен ойнау қауіпті. Онымен әуреленген не өзін, не өзгені жаралайды. Қаламнан алған жарақат шилі келеді, сүйекпен бірге кетеді», - дейді Өмкең.                     (Қ.Әбілдинов Орталық Қазақстан.-2009.- 14 мамыр)

   Кітап Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің «Әлеуметтік маңызды әдебиет түрлерін шығару» бағдарламасы бойынша Алматыдағы «Құс жолы» баспасынан екі мың дана тиражбен шыққан.

АЛТЫН ТАМЫР

bottom of page