top of page

Әсет Найманбаев

(1867-1922)

          Әсет Найманбайұлы атақты суырып салма ақын, әнші және композитор Қарқаралы уезінің Темірші болысының Сегізінші ауылында (қазіргі Қызыларай колхозы, Қарағанды облысы) дүниеге келген. Руы Арғын, оның ішінде Қаракесектен тарайтын Майлық деп аталатын атадан. Әкесі Найманбай кедей шаруа болыпты. Ауыр тұрмыстың айдауымен 1875 жылы Семей қаласына көшіп келген. Кейіннен Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Бақты ауылына қоныс аударған. Осында Әсетті медресеге оқуға береді. Он бір жасында бірінші рет мектеп есігін ашқан зерделі бала төрт-бес жылда медресенің білімін жақсы меңгеріп алады. Зайнолла медресесінде арабша оқып, жазуды тез үйренді. Медреседе жүргенде-ақ ақындық таланты ашыла бастайды. Араб тілін, шығыс поэзиясын меңгеріп, Абай ауылында жиі болған ақынның әндері халық арасында кеңінен таралды.

          14-15 жасында сазгер әрі әнші ретінде өз шығармашылық жолын бастайды. Кейін ер жетіп, есейіп, айтысқа түскен кезінде де кейбір ақындар оның кедейлігін бетіне басады. Алайда нағыз байлық өнер мен білімде деп түсінген Әсет ешкімге қара сөзден дес бермеген. Әсет ескіше оқыған, көзі ашық адам болған. Оның дүниетанымы, ой тереңдігі әсіресе айтыс жанрында кеңірек танылды.

           Әсеттің алғашқы ақындық қаламындағы айтатын, жазатын өлеңдерінің тақырыбы көбінесе жастық, махаббат туралы және суырып салма айтыс өлеңдер болды.

            Әсет – ақындық өнерді өзгеше жоғары бағалап, табиғаттың тартқан ерекше қасиетті сыйы деп біліп, ардақтаған адам. Ақындық өнерін халқына арнаған Әсетті туған елі қадірлеп, құрметтеген.

Замандастарының айтуынша, өткен ғасырдың барлық көрнекті қазақ әншілері, ақындарының Қоянды жәрмеңкесінде өнер көрсетуінің өзіндік орны болған.

             Мысалы, әйгілі ақын-қыз Ырысжанмен айтысқанда Әсет он сегізде ғана екен, соған қарамастан қыздың айтқан небір қиын жұмбақтарын қиналмай, қолма-қол шешіп береді. Бұдан ақынның білімді, зерделі екендігі айқын аңғарылады. Сөйтіп, Әсет пен Ырысжанның айтысы- көркемдігі, сөз қолдану шеберлігі жөнінен Біржан мен Сара айтысынан кейінгі озық туынды болып табылады.

Сапар барысында Қазақстанның солтүстік бөлігіндегі көптеген жаңа әндерді алып келген Әсет тек көрнекті әнші ғана емес, сондай-ақ, ірі ақын-импровизатор болған. Сонымен қатар, Әсет айтысы оның жоғары талғамымен, сөз таңдауымен ерекшеленді.

           Ол Ырысжаннан басқа Әріп, Бақтыбай, Кәрібай, Қали, Сәмет ақындарымен және Мәлике қызбен айтысқан. Әсеттің «Салиха-Сәмен», «Ағаш ат», «Перизат», «Үш жетім қыз», «Нұрғыман-Нағым», «Мәлік-Дарай», «Жұмсап», «Кешубай» атты қисса дастандары бар.

              Әсет поэзиясының тақырыбы көп қырлы. Реалист ақын поэзиясында демократиялық мотив басым. Жаяу Мұса сияқты Әсет Найманбаев қыздарға арналған жоқтау (ән – күй), эпиграммдар, арнау және ғашықтарға арналған махаббат өлең – хаттарын жазған. Сондай-ақ, ақын шығармаларында дінді, мұсұлман дінін жырлайтын өлеңдер кездеседі.

           Ол А.С.Пушкинның «Евгений Онегин» романын аударып (еркін аударған) оны өзі қисса етіп жырлаған. Әсет мұраларының ішінде халыққа кеңірек тарағаны оның әндері. Ол Сарыарқаның ұлы перзенттері Біржан сал Қожағұлұлы мен Ақан сері Қорамсаұлының ақындық өнер дәстүрін жалғастырып, әрі қарай дамытты. Жас кезіндегі әндерінде («Кіші Ардақ», «Үлкен Ардақ», «Қаракөз», «Мақпал») психологиялық тереңдікпен адамның жан дүниесін қозғайтын нәзік лирикалы Ақан әндерінің әсері байқалады. Бұл оның қалыптасу, өзіне тән тармақтарының музыкалық-синтаксистік ерекшеліктері Әсет әндеріне де тән. «Інжу-Маржан» әні (кейде «Әсеттің әні» деп те аталады) өз стилін айқындай түскен туынды. Сондай-ақ «Ырғақты», «Аққарагер», «Қаракөз», «Майда қоңыр», «Жалған-ай», «Сырмақ үйкер» т.б әндерінің авторы. Әсет өз шығармаларында өмірге деген құштарлығын, туған елі мен жеріне деген айнымас махаббатын жырлады. Ақын өлеңдері мен әндеріне көшпелі тұрмыс пен қазақ жұртының тарихы және этнографиясының қайталанбас бояулары тән. Әсеттің ақындық қуатында ойдың образдылығы, шұрайлы теңеулер, жарқын шендестірулер айқын танылады.

              Сонымен бірге өз өлкесі әндерінің Жетісуда, Тарбағатайда және Алтайда кеңінен тарауына мұрындық болды.

1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде жазалаушы отрядттардан дүрліге қашқан елмен бірге Әсет Қытайға өтіп кетеді. Октябрь революциясы жөніндегі хабарды ол қуана қарсы алады, жат жерде жүріп Отанын аңсайды. Әсет 1923 жылы Құлжа қаласында қайтыс болды.

           1910 жылы Қ. Халиди Әсет Найманбайұлынан бірнеше салт өлеңдерін жазып алып, жариялаған. Кеңес дәуірінде Әсет Найманбайұлының өлеңін алғаш рет С. Сейфуллиннің қолдауымен 1925 жылы жарық көрсе, алғашқы жинағы 1968 жылы 34 өлеңнен, 4 айтыстан, 4 қисса-дастаннан тұратын Б.Адамбаевтың құрастыруымен шықты. 1988 жылы Нұржекеевтің құрастырған «Әсет» атты жинағына 29 ән мәтіні, 71 өлеңі, 10 айтыс-қағысы, 8 қисса-дастаны енгізілген.

              «Әсет» әні кеңес композиторларының көптеген шығармаларында айтылды, бұл әннің негізгі әуені композитор Латиф Хамидимен бірге жазған «Абай» операсынан Абай ариясында қолданылған.

Ақынның туған жерге деген сүйіспеншілікті жырлаған шығармаларында отбасы, әйелдердің тең құқылығы, білімге, мәдениетке, өмірдің мәнін ұғынуға шақыру көшпелі тұрмыс, қазақ халқының тарихы, этнографиясы көрсетілген.

1923 жылы Құлжа қаласына келген Әсет ақын Қытайдағы қазақтардың қиын өмірі туралы айтған. Өзінің Отанына оралмайтынын, туған өлкесін көрмейтінін сезген үлкен ақын және композитор Әсет Найманбаев 22 наурызда Отанынан алыста, бөтен елде қайтыс болған. Халық, асыл қазыналы, өткен мәдениеттен еңсерілмейтін, өз әншісін және көптеген әдемі әндердің авторын ұмытқан емес.

             1990 жылы 19 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы, Мақаншы ауылында Қазақстан Үкіметінің қаулысына сәйкес Әсет Найманбайұлының 125 жылдығына орай әдеби-мемориалдық мұражай ашылды. Мұражайдың үш залында 1700-ге жуық жәдігер қойылған, оның ішінде Әсеттің жеке заттары, отбасылық фотосуреттер, ақынның шығармалары, сондай-ақ, Әсет Найманбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы мәлімет беретін құнды жәдігерлер сақталған.

             Әсет Найманбайұлының 150 жылдық мерейтойы Түркияның ең үлкен қаласы Ыстамбұл мен астанасы Анкара қаласында Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы аясында, «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасындағы тапсырмаларды орындау мақсатында өткізілді. Бұл шараны Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы ұйымдастырды.

            Әсет Найманбаев атындағы «Інжу-маржан» республикалық дәстүрлі әндер байқауы өтіп тұрады, оның атында көше, мектептер бар.

bottom of page