top of page
Серік Ақсұңқарұлы.jpg

Серік Ақсұңқарұлы

       Арқаның ақиық ақыны Серік Ақсұңқарұлы 1950 жылы 29 наурыз күні Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданындағы «Қызыларай» сохозында дүниеге келген. 1986 жылдан КСРО Жазушылар одағының мүшесі.

      1974 жылдан баспасөз орындарында қызмет істеген: Ақтоғай «Арқа еңбеккері», Талды аудандық «Шұғыла» газеттерінің тілшісі, бөлім меңгерушісі, 1981-1989  жылдары Қарқаралы аудандық «Коммунизм таңы» (қазіргі «Карқаралы») газетінің бөлім меңгерушісі, одан кейін облыстық «Орталық Қазақстан», 1990 жылдан Қазақстан Жазушылар одағы облысаралық бөлімшесінің хатшысы. Ал 2000 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық бөлімшесінің директоры болып тағайындалды. Шығармашылық жастардың республикалық «Жігер» фестивалінің (1980 ж.) лауреаты, Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиаты.

        Серік Ақсұңқарұлы өлеңді 13 жасынан бастап жазған. Ол–бүгінде әдеби орта мен қалың оқырманның ілтипат-құрметіне бөленген «Көктем тынысы» («Жазушы», 1975), «Қарлығаш» («Жалын», 1977), «Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәті» («Жалын», 1984), «Жез тасқын» («Жазушы», 1987), «Қызыларай» («Жалын», 1990), «Ғасыр кардиограммасы» («Жазушы», 1990) жыр жинақтарының авторы.

       С.Ақсұңқарұлының «Қазақстан» баспасынан 2000 жылы «Адам ата-хауа ана» рух кітабы жарық көрді. Бұл кітапқа ақынның 1967-1998 жылдар аралығында жазған жырлары топтастырылған. Қазақ ауылының тыныс-тіршілігі ғана емес, ғаламдық, яғни жер жүзілік өзекті де өміршең мәселелерді арқау еткен ақын ойы ұшқыр да асқақ. Келісті де көркем оймен өрілген өлең жолдары оқырманын қалың ойға жетелеп, қашанда ұлттық, елдік мәселелермен тығыз сабақтасып жатады. Аталған өлең кітабының басты құндылығы–ұлттық рухты серпілтуі мен оянған ойға кең өріс, соны серпін беруінде.

Әдебиеттер тізімі

Ақсұңқарұлы С. Шығармалары /С. Ақсұңқарұлы.- Алматы: «Қазақстан» БҮ» ЖШС,2014. Т.1: УА, Ақсораң.-2014.-400 б. (Сарыарқа кітапханасы)

Ақсұңқарұлы С. Шығармалары /С. Ақсұңқарұлы.-Алматы: Қазақстан БҮ ЖШС, 2014. Т. 2: Алас.-2014.-400 б. (Сарыарқа кітапханасы)

Ақсұңқарұлы С. Адам ата-Хауа Ана. Рух кітабы.-Алматы.ЖШС-«Қазақстан» баспа үйі» 2000.-432 бет.

Ақсұңқарұлы С. Төбемнен жауһар жауып тұр... Өлеңдер мен поэмалар.-Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2005.-232 б.

Ақсұңқарұлы С. Өмір деген-Күнді айналу. Өлеңдер мен хамса.-Алматы: Жазушы, 2005.-192 

Ақсұңқарұлы С. Қара орман. Өлеңдер.-Алматы, «Ел-шежіре» ҚҚ.2012.-384 б.

Ақсұңқарұлы С. Ұзан: Өлеңдер. Серік Ақсұңқарұлы. –Алматы: ЖК  «Нұрақынов», 2014.-412

Ақсұңқарұлы С.Жез тасқын: Өлеңдер мен поэма.-Алматы: Жазушы, 1988.-72 б

bottom of page