Абдолла Асылбеков
Партия, кеңес, мемлекет қайраткері, күрескер, Қазақстанда Кеңес өкіметін ортантуға белсене қатысушы, ұлттық басшылық құрамның көрнекті өкілі, алғашқы қазақ совет публицистерінің бірі А.Ә.Асылбеков 1896 жылы сол кездегі Ақмола уезінің Нұра болысы Құндызды өзенінің бойындағы Кеңқияқ алқабында, Қарасуда (қазіргі Қарағанды облысы, Осакаров орталығы Сұңқар селосының маңында) дүниеге келген. Жас кезінде қойылған Ғабдолла есімі кейіннен ұлты ұйғыр анасы Зәуренің ықпалымен Абдоллаға айналып кеткен.
Әкесі Әбдрахман кедей адам болған. Үш жасқа толғанда анасы қайтыс болып, әжесі Дәметкен мен жеңгесі Әлиманның тәрбиесінде болып, жастайынан сауат ашады. Білімін ауылдағы бірінші басқыш татар медресесіне оқуға түсуден бастайды, оны 1913 жылы бітіреді. Оқуын жалғастыру мақсатында бір саудагердің жылқысын Орынборға дейін айдасып, 17 жасында Хұсайын атына ашылған медреседе оқиды. Медреседе оқып жүргенінде «қазақ татар жастарын дінге, патша үкіметіне қарсы үгіттеп, ұйымдастырды» деген айып тағылып, 4-5 ай ғана оқып, оқудан шығарылады.
1914 жылы Қызылжардағы мұғалімдер даярлайтын қазақ мектебіне оқуға түсіп, «саяси сенімділігі» жайлы шартты үш ай мерзім ішінде кепілдік тапсыра ала алмағандықтан мектептен шығарылады. Елге оралып, Нұра болысындағы ауыл мектебінде ұстаздық қызмет атқарады. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысқа қатысып, 1917 жылдың мамыр айында большевиктер қатарына кіреді. Төңкерістен соң жұмысшы, шаруа, солдат депутаттарының Ақмола кеңесін ұйымдастырушылардың бірі болып, Қызыл гвардия отрядтарын ұйымдастыру жөніндегі соғыс кеңесінің мүшесі, азық-түлік комиссары міндеттерін атқарады (бұл жылдардағы өсу жылдары С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» атты тарихи-мемуарлық романында жазылған).
1918 ж. Колчак қолына түсіп, атаман Аннековтың «өлім вагонына» қамалып, Омбыға айдауға жөнелтіледі. Тұтқын лагерінен қашып шығып, 1919-1921 жылдары Қиыр Шығыстағы Азамат соғысына қатысып, Приморск армиясының полк комиссары болады. 1921 ж. Қазақстанға қайтып оралып, Қызыл Армияның Петропавл, Ақмола және Көкшетау уездеріндегі контрреволюциялық көтерілісті басу жөніндегі штаб өкілінің орынбасары қызметін атқарады. 1921 жылы маусым айында Қазақстан Республикасының сол кездегі астанасы Орынбордағы облыстық (республикалық) партия ұйымының құрылтай конференциясына Қызылжар губерниялық ревком төрағасының орынбасары қызметін атқара жүріп, делегат ретінде қатысып, облыстық комитеттің мүшесі болып тағайындалады. 1922 жылдың ақпанында өткізілген облыстық екінші партия конференциясында облыстық комитеттің екінші хатшысы және РК (б) П XI съезіне делегат болып сайланады. 1922 жылдың соңына қарай Қазақ АССР-інің делегаты ретінде Советтердің Бүкілроссиялық X съезіне қатысып, ССР Одағын құру жайлы Декларацияның қабылдануына қатысады.
Осыдан соң елге келіп, жауапты қызметтер атқарады. 1921-1923 жылдары ҚАКСР Халық ағарту комиссариаты саяси ағарту бөлімінің бастығы, РК(б)П Қырғыз (Қазақ) обкомының хатшысы, РК(б)П Қырғыз (Қазақ) бюросының мүшесі болады.
1926 жылы Мәскеуде Тимирязев атындағы ауыл шаруашылық академиясына оқуға түсіп, үш жыл оқып, республикалық партиялық және советтік басшы органдарының шақыруымен Қазақстан астанасына қайтып оралады. 1926-1928 жылдары Егіншілік халкоматында басшылық қызметте істеп, Қостанай округтік атқару комитетінің төрағасы; 1928-1938 жылдары Қазақ Орталық атқару комитетінің хатшысы, 1934 жылдың 4 шілдесінде Қарқаралы округтік атқару комитетінің төрағасы болып сайланып, Атқару комитеті жанындағы Жергіліктендіру жөніндегі (Комитет коренизации) комитеті басқару ретіндегі жауапты қызметті қоса атқарады. Осы қызметтерде жүріп ашаршылықтан құлдираған Қарқаралы халқына басшылық жасап, күйзелген шаруашылықты қалпына келтіреді. 1936 жылға дейін төрағалық қызметте болады. Лауазымдық қызметтерде жүріп «Ауылды советтендіру үшін» («За советизация аула») кітабын (1930) жарыққа шығарады.
1936 жылы 29 шілдеде жаңадан құрылған Қарағанды облысына Орталық атқару комитетінің төрағасы болып келеді. 1937 ж. орта тұсында Қазақ АССР-ы Тамақ өнеркәсібі халық комиссары болып тағайындалып, кейіннен Қазақ Республикасының Әлеуметтік қамсыздандыру халық комиссарлығы қызметін атқарады.
Саяси қуғын-сүргінге ұшырап 1937 жылы нақақтан нақақ ауыр жазаға кесіледі. Қудаланып, әйгілі «Қарағанды ісі» бойынша жасалған «ашық процессте» жалған саяси кінәмен айыпталып, Н.Нұрмақов, С.Сейфуллин сияқты «халық жауларымен» және «контрреволюционерлермен байланысқаны үшін» қамауға алынады. Әйгілі 58-статья бойынша үй-мүлкі тәркіленіп, Қазақ ССР Жоғарғы сотының арнайы коллегиясының үкімімен 1938 жылдың 29 қаңтарында 42 жасында жазықсыз ату жазасына кесіледі.
Адал есімі қайтып оралып, 1957 жылдың 31 шілдесінде ақталды.
Қарқаралы қаласында А.Асылбеков қызмет істеген үйде (қазіргі «Қарқаралы өлкетану музейі») мемориалдық тақта орнатылған.
1991 жылы 30 сәуір айында Қарағанды облысының «Құндызды» ауылы А.Асылбековтың есімін иеленді.
Әдебиеттер тізімі
Асылбеков А. Біздің де күніміз де туды: /Повесть және өлеңдері/ // Қарқаралы.- 1991.- №3.- 16-24 б.
Асылбеков А. Қойшылар мен қасқырлар; Ата-жетімге жәрдемге: /Өлеңдер/ // Қарқаралы.- 1991.- №3.- 25-26 б.
Асылбеков А. Октябрь күнінде: Повесть // Қарқаралы.- 1991.- №4.- 72-83 б.
А.Асылбеков туралы әдебиеттер:
Абдолла Асылбеков және оның екі повесі // Редакторлардың редакторы: журналист-ғалым Рамазан Сағымбековтің туғанына 80 жыл толуына арналады / құраст.: А. Жанғожин, М. Сембаев. - Карағанды: Арко, 2012. – 63-79 б.
Асылбеков А.Ә. // Қазақ ССР: 4 томдық қысқаша энциклопедия. Т.1.- Алматы, 1994.- 71 б.
Асылбеков А.Ә. // Қарағанды. Қарағанды облысы. Энциклопедия.- Алматы, 1990.- 111 б.
Асылбеков Абдолла (1896-1936 жж.) // Тоғжанов Е.Л. Аршабеков Т.Т. Атамекен: оқу құралы. – Қарағанды: Қарағанды экономикалық университеті, 2002. – 178 б.
Асылбеков Абдолла // «Қазақстан жазушылары: ХХ ғасыр». Анықтамалық.- Алматы: «Ана тілі» баспасы ЖШС. 2004.-31 б.
Асылбеков Абдолла // Қарағанды. Қарағанды облысы: Энциклопедия / - Алматы: Атамұра, 2006.- 130 б.
Асылбеков Абдолла // Советтік Қазақстан жазушылары: Био-библиогр. анықтамалық.- Алматы, 1987.- 37 б.
Асылбеков Абдолла // Советтік Қазақстан жазушылары: Био-библиогр. анықтамалық.- Алматы, 1987.- 37 б.
Орталық Қазақстанның жазушылары: методикалық - библиографиялық материалдар. - Қарағанды: [б. и.], 1973. - Б. ж.
Сейфуллин С. Тар жол тайғақ кешу: Роман. Т.4.- Алматы, 1988.- 148 б.
Талжанов С. Өткен күндер сөйлейді: естеліктер мен шежіре әңгімелер; құраст. Ж. Талжанова. - Алматы: Жазушы, 1979. - 347 б.
Темірұлы М. Қуан қазақ азаттық алғаныңа. - Қарағанды: Санат, 2002. - 176 б.
***
Абдолла Әбдірахманұлы Асылбеков // Қарқаралы.- 1991.- №3.- 2 б.
Абдолла Әбдірахманұлы Асылбеков // Нұра. - 2007. - 1 желтоқсан - 2 б.
Ақтаев С. Салиқалы сарашы // Ақиқат. - 2011. - № 2. - 32 - 35 б.
Әбсембетова Ж. III Бүкiлқазақтық партия конференциясы хақында// Қазақ тарихы.-2002.- N4.-57-60 б.
Әкiмбекова Б. Жазықсыз жазалар // Орталық Қазақстан.- 2001.-30 мамыр
Бектұров Ж. Есімін есте қалдырайық // Орталық Қазақстан.- 1989.- 12 ақпан
Даңқты жерлесіміз // Орталық Қазақстан. - 2006. - 20 сәуір. - 8 б.
Жанұзақов Н. Ауылымның тарихы // Нұра.- 2000.-19 тамыз.
Жинатұлы Б. Той тастаған із: /Нұра ауд. А.Асылбеков, К.Мыңбаев, С.Талжановтардың мерейтойлары атап өтілді/ // Орталық Қазақстан.- 1996.- 17 тамыз
Игенбаев А. «Халық жауларының» сот алдындағы «жауаптары» // Ақиқат.- Алматы, 1997.-N4.-21-27 б.
Қожабеков Р. Абдолланың атымен аталса... // Орталық Қазақстан. - 1989. - 21 қазан. - 2 б.
Қожакеев Т. Жыл құстары - Алматы: Қазақстан, 1991.- 240 бет
Қырғызәлин А. Жұмаш қарттың әңгімесі // Орталық Қазақстан. - 1989. - 21 қазан. - 2 б.
Лұқпан Е. Абдолламен бірге атылған // Орталық Қазақстан. - 2006. - 10 тамыз. - 5 б.
Михеева Л. Облыстың алғашқы басшылары // Орт. Қазақстан. - 2006. - 3,6, маусым. - 3 б.
Сағымбеков Р. Абдолла Асылбеков // Ақиқат.-1992.-№3.- 51-56 б.
Сағымбеков Р. Абдолла Асылбеков және оның екі повесі // Қарқаралы.- 1991.- №3.- 3-16 б.
Сағымбеков Р. Абдолла Асылбеков: Арқа ардақтылары // Орталық Қазақстан.- 1990.- 18-25 қыркүйек.
Сағымбекұлы Р. Арқаның ардагер азаматы // Орталық Қазақстан.- 1996.- 21, 24 қыркүйек.
Темірұлы М. Үш арыс: /А.Асылбеков, К.Мыңбаев, С.Талжановқа арналған өлең/ // Нұра.- 1996.- 7 қыркүек
Төребекова А. Қызыл қырғынның құрбаны // Орталық Қазақстан. - 2011. - 31мамыр (№ 86). - 3 б.